Италия Суперкубогының финалы Катарда өтеді
Финалдық ойынның өтетін жері туралы Италияның «А» сериясы ойындарына жауапты Маурицио Беретта Катар футбол федерациясының бас хатшысы Сауд әл-Моханнадимен Парижде өткізген кездесуден кейін мәлімдеді. Ал әлемдік футбол ұйымдары болса, 2022 жылы әлем чемпионатын қабылдағалы отырған елдің әлеуетіне тағы бір көз қиығын салып көрмек. Ойын 22 желтоқсанға жоспарланған. Бірақ, әлі өтетін қала мен стадион белгіленбеген.
Айта кетейік, осыған дейін футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатын Катардың өткізбеуі мүмкін деген де сыбыстар шыққан болатын. ФИФА аталған елге өткізу құқығын бергенмен, соңынан қуыстанып отырғаны анық. Бұл дауға соңғы нүктесін қоюға асығар емес. L'Equipe газетінің жазуынша, соңғы тексеру жұмыстары 2018 және 2022 жылдары өтетін Әлем чемпионаттарының қожайынын анықтауда жемқорлық іс-әрекеттерге жол берілген. Түрлі себептерге байланысты тексеру жұмыстарының нәтижесі әлі жарыққа шықпаған. Егер жемқорлық іс-әрекеттер анықталып, әшкере болатын болса, Катар 2022 жылы өтетін Әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырылады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: goal.net.ua