Илья Ильин: «Олимпиадаға бару үшін соңына дейін күресемін»
- Бұл хабар - төбемнен жай түскендей болды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ережесі бойынша, мен жайлы барлық мәлімет ADAMS халықаралық жүйесінде, онда менің әрбір күнім сағатына дейін жазылған, қайда болғаным, жаттығудамын ба, демалыстамын ба, барлығы бар. Антидопинг агенттігі бақылаушыларының кез келген уақытта тексеруіне болады. Биылдың өзінде Польша мен Алматыда допинг-сынамасын тапсырдым.
- Өздеріңіз білетіндей, ешбір халықаралық старт допинг-бақылаусыз өтпейді. Мен де барлық спортшы секілді 2004 жылдан бері допинг-сынақтардан өтіп келемін. Нәтижесінде қанымнан тыйым салынған ештеңе табылмай келді. Мен Рио Олимпиадасына дайындалып жатырмын және соңына дейін баруға ниеттімін. Спорт басшылығы процесске барынша кірісті, меніңше, маусымның соңында нәтижесі белгілі болады. Шілде айының ортасына дейін уақытым бар, осы уақыттың ішінде Олимпиадаға қатысуға өтініш беріп үлгеруім керек», — деді Ильин.
Сонымен қатар, оның айтуынша, барлық айыптаулардың ойдан құралғанын дәлелдеуге болады.
«Маған қатысты қандай шешім шығып жатса да, өмірімнің 20 жылға жуық уақытын мен спорт залында өткіздім, жаным мен қаным шыққанша, күніне үш реттен жаттықтым, осыны білсеңіздер екен. Мен әрқашан елімнің, халқымның сенімін арқалап жүргенімді сездім және тек жеңіс үшін күрестім. Осы жылдар бойы қуанышта да, қайғыда да мені барлығы қолдады. Осы сәтте де сіздердің қолдауларыңызды күтемін. Құрметпен Илья Ильин», - деді Илья Ильин «instagram» желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, осыған дейін Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) 2012 жылғы Олимпиадада допинг қолданды деген 10 спортшының есімін ресми сайтында жариялаған болатын. Оның ішінде Илья Ильин, Мая Манеза, Зульфия Чиншанло мен Светлана Подобедова да іліккен еді.