Ильин мен Чиншанло әлем чемпионатына қатысады
Байрақты бәсеке 16 қыркүйек күні Таиландтың Паттайя қаласында басталады. Қыздар арасында ел намысын Зульфия Чиншанло (55 келіге дейін) мен Екатерина Быкова (71 келіге дейін) қорғайды.
Ал ерлер арасында 7 бірдей атлетіміз бақ сынайды. Атап айтқанда, Арли Чонтей мен Игорь Сон (55 келіге дейін), Нижат Рахимов пен Айдар Қазов (81 келіге дейін), Денис Уланов (89 келіге дейін), Илья Ильин ( 96 келіге дейін), Ибрагим Берсанов (109 келіге дейін).
Әлем чемпионаты 27 қыркүйек күні мәресіне жетеді. Дүбірлі додада атлеттер 2020 жылғы Токио Олимпиадасының жолдамасына таласатын болады.
Естеріңізде болса, жақында спортқа оралған Илья Ильин Талдықорғанда өткен ҚР V жазғы Спартакиада жарысында жеңімпаз атанған еді. 102 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған спортшы жұлқа көтеру жаттығуында 170 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 200 келіні бағындырды. Қорытындысында 370 кило (170+200) көтерген Ильин жеңімпаз болды. Бұл – қазақстандық спортшының осы маусымдағы үздік көрсеткіші. Осыған дейін Токиода өткен тестілік жарыста 365 кило (165+200) көтерген еді.