Хулио Сесар Чавес америкалық Верадан басым түсті (видео)
Сан-Антониода (Техас штаты, АҚШ) өткен жекпе-жек төрешілердің бірауыз шешімімен 28 жасар мексикалық боксшының пайдасына шешілді. Төрешілердің шешімі келесідей болды: 117-110, 117-110, 114-113. Бұл жеңіс Чавес кішінің кәсіпқой рингтегі 50-ші кездесуіндегі 47-ші жеңісі саналады. Бір кездесу тең есеппен аяқталса, біреуі өтпей қалған. Сондай-ақ бір жекпе-жекте ғана Чавес орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуінің иегері аргентиналық Серхио Мартинестен жеңіліп қалғанын айта кетейік.
Айта кетейік, мексикалық боксшының келесі қарсыласы болып орта салмақтағы WBA және IBО тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин болуы әбден мүмкін. Осыған дейін Чавестің мүддесін қорғаушы америкалық Top Rank промоутерлік компаниясының жетекшісі Боб Арум қазақстандық чемпионның промоутері Том Леффлермен кездесіп, орын алуы мүмкін жекпе-жектің кейбір детальдарын талқылағанын хабарлаған болатынбыз. Хулио Сесар Чавес кішінің командасы үшін бұл кездесудің бір шарты ретінде америкалық Брайан Верамен болатын жекпе-жекте оның жеңіске жетуі айтылған болатын.
Қазіргі болжам бойынша, Геннадий Головкин мен Хулио Сесар Чавес кіші арасындағы көпшілік күткен кездесу 12 шілде күні өтуі әбден мүмкін. Сондай-ақ бұл жекпе-жектің 76 келіге дейінгі (168 фунт) салмақ дәрежесінде өтуі мүмкін екендігін де айта кетейік.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Геннадий Головкиннің 26 сәуірге жоспарлаған бокс кеші боксшының отбасылық жағдайына байланысты өтпейтіні белгілі болды. Қазақстандық боксшының болуы мүмкін қарсыласы ретінде Энди Лидің есімі аталған еді. Кездесу Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden кешенінде өтеді деп жоспарланған болатын.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/JgZxdj-u5ac","width":"450","height":"320"});
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: box-club.ru