ХХVIII қысқы Универсиада ойындары ашылды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ tengrinews.kz

Шара 3 сағаттай уақытқа созылды. 12 мың орындық "Алматы-Арена" мұз сарайының орталығы өмірдің, даналықтың және махаббаттың символы іспетті жапырақтармен көмкерілген.

- Елімізге келген құрметті қонақтар, спортшылар мен жанкүйерлер. Универсиаданың ашылу күніне дейін біз бес жыл дайындалдық, бұл бес жылдық жол бізді қайраттандыра түсті, ортақ мақсатқа жұмылдырып, Алматы сияқты мегаполистің келбетін өзгертті. Әлемнің жүздеген оқу орнынан студенттер келіп, бақ сынағалы отыр. Біз сендердің араларыңда болашақ Олимпиада чемпиондары мен əлем спортының жұлдыздары шығады деп сенеміз, - деді Президент.

Ашылу салтанаты әлем елдері спортшыларының  дәстүрлі шеруімен жалғасты. Шеру кезінде 57 елдің делегациясы жүріп өтті. Студенттерден құралған Қазақстан құрамасының Туын шаңғышы Дәулет Рахымбаев ұстап шықты.

Жалпы шараға 1,5 мың әртіс мен мамандар қатысты. Олардың ішінде опера және эстрада әншілері, цирк гимнасттары, спорт мектептерінің мәнерлеп сырғанаушылары, би ұжымдары, Алматы театрларының актерлері және басқалар болды.

Универсиада қонақтары мен қатысушыларына Қазақстан дамуындағы ең маңызды кезеңдер, елдің бай мәдениеті, сан алуан дәстүрі мен қолөнері, республика аумағында тұрып жатқан ұлттардың күшті рухы, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың өсіп-дамуға деген ұмтылысы театрланған көрініс аясында баяндалды.

Универсиаданың ашылу салтанаты дәстүрлі отшашумен аяқталды.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама