Хельсинкиде де қазақ боксшыларына алтын бұйырмады
Биыл 38-ші рет ұйымдастырылған бокс додасына 14 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 10 боксшы бақ сынады. Оның 7-і жүлделі орыннан көрінді.
Хельсинкиге Қазақстан құрамасы негізгі құрамда барған жоқ. Бас жаттықтырушы Ғалымбек Кенжебаев жас боксшыларға сенім артты. Бұл жарыс алдағы Азия чемпионатына дайындықтың бір парасы болды.
Жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы атанған Айбек Оралбай (91 кг) финалға дейін сүрінбей жетті. Тек шешуші шайқаста Англиядан келген Чиван Кларкқа ұпай айырмасымен есе жіберді.
52 кг салмақ дәрежесінде Азат Махметов финалда қырғыз боксшысы Азат Үсеналиевпен жұдырықтасты. Бұл кездесуде де төрешілер жеңісті қазақстандық боксшының қарсыласына берді.
Ержан Жомарт (49 кг), Жанболат Қыдырбаев (56 кг), Талғат Шайкен (69 кг), Тимур Ержанов (81 кг) және Нұрбек Оралбай (75 кг) жарыстың қола жүлдегерлері атанды.
Жеті медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпы есепте 5-орыннан көрінді. Англия, Үндістан, Ресей және Финляндия құрамалары алғашқы төрттіктен орын алды.
Өткен жылы қазақстандық боксшылар дәл осы жарыста 5 алтын, 1 күміс медаль еншілеген болатын.
Айта кетейік, ақпан айында бокстан ұлттық құраманың негізі құрамы Болгария елінің астанасы Софияда өткен "Странджа" халықаралық турниріне қатысқан болатын. Өкінішке қарай, финалға шыққан қазақстандық бес боксшы да жеңімпаз атана алмаған еді. Хельсинкиде де қазақ боксшыларына алтын бұйырмады.