"Халық барысы - 2019". 1000 балуан қатысқан бәсеке жеңімпазы 9 миллион теңге иеленді

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ Жеңіс Ысқабай

Жарыс "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде өтті. Халық арасынан шығатын барысты анықтау шарасы ҚР  Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР қазақ күресі федерациясы және "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қоры және Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен ұйымдастырылды.

Күрес мерекесіне ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Рамазанов, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Ж.Үшкемпіров, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Д.Биткөзов, ҚР қазақ күресі федерациясының президенті А.Шораев мырзалар қатысты.

Сондай-ақ, шара барысында "Алашұлы", "Ұлытау", "Тұран", "Алдаспан" топтары өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтар мен атрибуттар насихатталатын театрландырылған шоу және акробатикалық көрсетілімдер, ат үстіндегі ұлттық спорт түрлерінің ерекшеліктері сахналанды.

Белдесуге келген 1000-ға жуық балуан жарыстың бірінші күні іріктеу кезеңінен өтті. Ал турнирдің екінші күні 32 балуан өзара күш сынасты.

Жарыс қорытындысы бойынша алматылық Дәурен Нұралинов белдесуден "Халық барысы" атанды. 9 миллион теңге сыйақыға ие болды. Ал жаттықтырушысы Мақсат Қиқымовқа 1 миллион теңге табысталды.

Екінші орынды Қостанай облысынан келген Талғат Жиентаев иеленді. Ол 4,5 миллион теңге, диплом, медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды. Үшінші орынды Жамбыл облысынан келген Ғалымжан Қырықбаев еншіледі. Ол 2,7 миллион теңге жеңіп алды. Төртінші орын алған алматылық Ернар Мағауинов та сыйақыдан құралақан қалған жоқ. Ол 1,8 миллионның сертификатын алды.

Екінші рет өткен турнир "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз "белдесу" спорт түрін қайта жаңғыртуды жүзеге асыру, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттап, спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылды. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама