«Гран-При» турнирінде Қазақстан көш басына шықты

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ vk.com

Бүгін ерлер арасында 60 және 66 келіде, әйелдер арасында 48, 52 және 57 келіде жарыс жеңімпаздары анықталды. Еліміздің атынан 18 спортшы жарыс жолына шықты. Олардың ішінде үш дзюдошымыз ғана финалға дейін жете алды.

Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Галбадрах Отгонцэцэгтің жеңімпаз атанғанын осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Одан өзге спортшылар жеңіс тұғырынан көріне алмады. Ерлер арасында 60 келіде Рустам Ибраев финалда Элиос Манзиден екі юкомен жеңіліп қалды. 66 келіде Жансай Смағұлов та финалда жас жапониялық Джоширо Маруямаға есе жіберді.

60 келіде қолаға таласқан Айбек Имашев өзбек Шарафуддин Лутфиллаевтан, Асхат Тельманов та өзбек Диорбек Орозбоевтан ұтылып қалды. Ал 66 келіде Азамат Мұқанов қолаға таласта француз Килиан ле Влохтан жеңілді. Елдос Жұмақанов қана италиялық Фабио Василоны жеңіп қола жүлдегер атанды.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен көш басына шықты. Екінші орындағы Польша құрамасында 1 алтын, 1 қола жүлде бар. Италия, Жапония мен Швейцария елдері де бір алтын медальдан иеленіп отыр. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама