Головкиннің қарсыласы анықталды

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Ал Головкиннің жеке бапкері Абель Санчес болса, екі жақ кездесу үшін барлық келісімдерге қол жеткізгенін хабарлап үлгерді. Осыған дейін промоутерлер тек Даррен Баркер мен Дэниэл Гил арасындағы жекпе-жектің қорытындысын асыға күткен болатын. Ал енді ол матч та аяқталып, оның қорытындысында Даррен Баркер орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Атлантик-Ситиде өткен кездесуде 31 жасар британдық қарсыласы Гилды төрешілердің шешімімен тізе бүктіріп (116-111 және 114-113 Баркер пайдасына, 114-113 Гилдың пайдасына), өзі үшін тұңғыш чемпиондық белбеуге ие болды.

Ал жақында ғана Гилдың промоутері Гэри Шоу өз боксшысының аталған кездесуден соң (Даррен Баркермен) Серхио Мартинес және Геннадий Головкинмен шаршы алаңға шығуға дайын екендігін мәлімдеген болатын.

Сонымен Санчес өз шәкіртінің алда Стивенсонмен болатын кездесуіне қатысты былайша пікір білдіре кетіпті:

«Бұл менің таңдауым емес еді. Бірақ ол осы күнге дейін Гена туралы небір ғайбат сөздер айтып келді. Бұл кездесу Нью-Йорктегі Madison Square garden кешенінде болатындықтан, ал Стивенс Бруклиннен екендігін ескерсек, онда промоутер Том Леффлер үшін де бұл жекпе-жектің маңызы зор. Ал Стивенс тек аузына келгенін айтуды ғана біледі. Ол тіпті өзін Карлос Монсонның (70 жылдардағы орта салмақтағы әлемнің үздік боксшыларының бірі) ізбасарымын деп санайды екен».

Айта кетейік, Нью-Йорктің Madison Square Garden кешеніндегі қос боксшы арасындағы кездесуді атақты американдық HBO телеарнасы тікелей эфирден көрсетпек.

Естеріңізге салсақ, 31 жасар Геннадий Головкин өзінің 30 маусымда болған соңғы кездесуінде британдық Мэттью Маклинді 3-раундта ауыр нокаутқа жіберіп, өз атағын кезекті мәрте қорғап қалған еді. Ал Стивенс болса 4 тамыз күні мексикандық Сауль Романды 1-раундта-ақ нокаутпен ұтқан болатын. Головкин кәсіпқой рингте осы күнге дейін барлық 27 кездесуде қарсыласынан басым түссе (24-і нокаутпен), Стивенстің еншісінде 25 жеңіс (18 нокаут) және 3 жеңіліс бар. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: boxnews.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама