Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Али Ахмедов (12-0, 9 КО) 11 қазан күні кезекті жекпе-жегін өткізеді. Геннадий Головкиннің командасындағы отандасымыздың қарсыласы - мексикалық Джовани Хавьер Гомес (17-14, 11 КО). 23 жастағы қазақстандық боксшы Коста-Меса қаласында (Калифорния штаты, АҚШ) өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығады. Қарсыласымен болатын жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған. Мексикалық боксшы кәсіпқой бокста аса жоғары жетістікке жетпеген. 2007 жылдан бері 31 кездесу өткізген. 17 жекпе-жекте қарсыласын жеңіп, 14 кездесуінде жеңілген. Али Ахмедов жастар арасында WBC чемпиондық атағына ие. Соңғы рет 8 тамыз күні Голливудта өткен Hollywood Fight Nights 2 бокс кешінің басты кездесуінде америкалық Хорхе Эскалантені төртінші раундта нокаутпен жеңген еді. Бұл жекпе-жекке қазақстандық боксшыны Абель Санчес пен Головкиннің егізі Максим алып шыққан болатын. Кейіннен боксшы Гена негізін қалаған GGG Promotions промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойғанын хабарлаған еді.