Головкин шаршы алаңға қашан оралады?
Өткен аптада Matchroom Boxing компаниясының промоутері Эдди Хирн DAZN стримингтік жүйесімен Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жегі бойынша келіссөзді бастап кетті. Қазақстандық боксшы DAZN стримингтік жүйесінің АҚШ-та өткізетін бокс кешінің басты жекпе-жегіне шығып қалуі мүмкін.
"DAZN-мен бірге алдағы жарты жылдықтың жоспары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. DAZN-ге көрермендерді тарту үшін қызықты айқастар қажет. Біз үлкен жекпе-жектерге оралуымыз қажет", - деп келтіреді Эдди Хирннің сөзіне Boxingscene басылымы.
Matchroom компаниясының коронавирус пандемиясынан соң АҚШ-тағы алғашқы бокс кештері Флорида штатында өтуі мүмкін. Қазірдің өзінде бокс кештеріне көрермен келмейтіні анық.
"Флорида бокс кешін өткізуге ең ыңғайлы жер. Ол жақта UFC жобасын сәтті өткізіп жатыр", - деді Эдди Хирн.
Бұған дейін батыс басылымдары Геннадий Головкин келесі жекпе-жегінде IBF чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер Камил Шереметаға қарсы жұдырықтасатыны жайында жарыса жазған болатын. Бұдан кейін желтоқсан айында GGG мексикалық Сауль Альвареспен шаршы алаңда кездеседі деп күтілуде.
Головкин соңғы жекпе-жегін өткен жылы Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden кешенінде өткізіп, украиналық Сергей Деревянченконы жеңген болатын.