Головкин – Мюррей жекпе-жегін қазақстандықтар тікелей эфирде тамашалайды
Орта салмақтағы WBA (Super), IBO мен WBC (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен британдық боксшы Мартин Мюррей (29-1-1, 12 КО) арасындағы жекпе-жек 21 ақпан күні «Salle des Etoiles» (Монте-Карло, Монако) аренасында өтеді. Екі былғары қолғап шебері де кәсіпқой бокста 31 кездесу өткізген. Өзара жұдырықтасулары 32-ші жекпе-жектерін тіркемек. Тағы бір қызығы, екеуінің де жасы 32-де екен. GGG 31 кездесуінің 27-сін мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтаған. Ал қарсылас болса бұл көрсеткішпен санаса алмайды. Мартин Мюррей 12 жекпе-жегінде ғана нокаутпен жеңіске жеткен.
Бокссүйер қауым Мартин Мюррейді Гена үшін аса мықты қарсылас санамайды. Британдық боксшы осыған дейін отандасымыздан «таяқ жеген» боксшылардың күйін кешіп жатса таңданбайтыны анық. Ал отандасымыздың промоутері Том Леффлер болса, британдық боксшыны орта салмақтағы әлемнің мықтыларының қатарына қосып отыр. Геннадий Головкиннің өзі болса, британдық боксшының қауқарын шаршы алаңда сынап көргеннен кейін барып қаншалықты мықты екенін айтатынын мәлімдеп отыр. Букмекерлік орталықтар да қазақстандық боксшыны фаворит санауда.
Геннадий Головкин мен Мартин Мюррей арасындағы жекпе-жекке танымал пуэрто-рикалық төреші Луис Пабон қазылық жасайды. Ал оған Стэнли Кристодулу, Фернандо Барбоса және Джек Вудберн көмектесетін болады. Бұл төреші GGG кездесуіне алғаш рет қазылық жасағалы отырған жоқ. Ол отандасымыздың Осуман Адамаға қарсы осы Монакодағы кездесуіне де төрелік еткен болатын.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Мартин Мюррейдің жекпе-жегі болатын бокс кеші 21 ақпанда (21-ші ақпаннан 22-ші ақпанға қараған түні) Астана уақыты бойынша сағат 01:25-те басталады.
Сурет: vk.com
Оқи отырыңыз
Мюррей Головкиннің суретінен де қорқа бастаған секілді
Головкин мен Мюррей жекпе-жегінің билеттері сатылымға шықты
Геннадий Головкиннің спорттағы ең үздік сәттері HBO телеарнасынан көрсетілді
Головкин келесі кездесуін Калифорнияда өткізеді