Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие қазақстандықГеннадий Головкинмен мексикалықСауль Канело Альварестіңкомандасы боксшылардың екінші жекпе-жегін өткізу жайында келісімге келіп, өтетін уақытын мақұлдады. Бұл жайында Fox Deportes басылымы хабарлады. Басылым ақпараты бойынша қос боксшы арасындағы екінші кездесу мамыр айының басында өтеді. Осыған дейін айтылғандай, 5 мамыр күнгі Мексиканың ұлттық мерекесі Синко де Майомен тұспа-тұс келетін секілді. Канелоның командасы жекпе-жек келісіміне қол қойса, ресми түрде хабарланатын болады. Ал бұл бокс кешінің қайда өтетіні әзірге белгісіз. Қос боксшының шаршы алаңдағы текетіресін Далластағы ATT Stadium, Нью-Йорктегі Madison Square Garden, Лас-Вегастағы T-Mobile Arena спорт кешендері қабылдауға ниетті. Ал Геннадий Головкин бір сөзінде Сауль Альвареспен Мексика жерінде де жұдырықтасуға дайын екенін айтқан еді. Айта кетейік, қос боксшы арасындағы бірінші жекпе-жек 16 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтіп, тең нәтиже тіркелген еді.