Бокссүйер қауым асыға күткен қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жектің өтуіне бір айдай уақыт қалды. Екі боксшы аса маңызды жекпе-жекке дайындықтарын шыңдауда. WBC ережесіне сәйкес, боксшылар жекпе-жекке 30 күн қалғанда салмақ өлшеу рәсімінен өтеді. Ал бір апта қалғанда орта салмақтағы боксшылардың нәтижесі 168 фунттан (76,2 кг) аспауы керек. Барлық ұйымдардың ресми салмақ өлшеу рәсімі жекпе-жекке бір күн қалғанда өтеді. Ол кезде боксшылардың салмағы 160 фунттан (72,5 кг) аспауы керек. 30 күн алдынғы нәтиже бойынша орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық атағына ие отандасымыздың салмағы 168,3 фунт (76,3 кг) болды. Ал Канелоның салмағы 167,4 фунтты (75,9 кг) көрсетті. Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек 15 қыркүйек күні Лас Вегастағы T-Mobile аренада өтеді. Қазақстандық боксшы өзінің чемпиондық атағының барлығын қорғайтын болады. Сондай-ақ The Ring басылымы және WBC-тің арнайы белбеуі үшін жұдырықтасады. Айта кетейік, екі боксшы арасындағы алғашқы кездесу өткен жылдың 17 қыркүйегінде өткен еді. Төрешілер шешімі бойынша тең нәтиже тіркелген болатын.