Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Канело Альварестің командалары арасындағы қарымта кездесу бойынша келіссөздер аяқталуға жақын, - деп хабарлайды ESPN Deportes. Golden Boy Promotions компаниясындағы мәліметтер бойынша қарымта жекпе-жек туралы ресми хабар осы немесе келесі аптада жарияланады. Тараптарға ұсақ-түйек мәселелерді талқылау ғана қалған. Мұның алдында Fox Deportes тараптардың қарымта кездесу мерзімін белгілегенін хабарлаған. Басылым мәліметінше Головкин-Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 5 мамырда Синко де Майо мерекесі қарсаңында өтеді. Дегенмен өтетін орны әлі белгісіз. Бұл бокс кешін өткізуге Лас-Вегастағы T-Mobile Arena басты үміткер болып отыр. Қос боксшы арасындағы бірінші кездесу де осы аренада өткен еді. Көрермендердің жиналуы бойынша рекорд орнатқан да болатын. Daily Mail мәліметі бойынша бірінші жекпе-жекте қазақстандық боксшы 25 миллион доллар, ал мексикалық 35 миллион доллар көлемінде табысқа кенелген.