Головкин мен Альварес бір шешімге келе алар емес
WBC ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, екі боксшы жекпе-жек туралы өзара келісулері керек. Қыркүйек айында өткізілетін кездесуге өзара келісу үшін тараптарға 31 мамырға дейін уақыт берілді. Егер осы уақытқа дейін екі тарап мәмілеге келе алмаса, промоутерлік сауда тағайындалады. WBC чемпиондық атағына таласуға тараптардың бірі өз еркімен келіспесе, онда сол боксшы атағынан айырылатын болады.
Айта кетейік, Геннадий Головкин Сауль Альварес иелігіндегі WBC чемпиондық атағына бірден-бір үміткер боксшы. Осыған дейін екі боксшы күзде жұдырықтасуы мүмкін деп айтылған-ды. Ал оған дейін екеуі бір-бір жекпе-жектен өткізуі керек. GGG наурыз айында IBF титулына міндетті үміткер Туреано Джонсонмен, "Канело" британдық Амир Ханмен жұдырықтасуы мүмкін.