5 мамырға жоспарланған Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жек өтпейтін болды. Бұл туралы Golden Boy промоутерлік компаниясы ұйымдастырған баспасөз жиыны кезінде ресми түрде хабарланды. Мексикалық боксшы жекпе-жекке шығудан бас тартты. Канело НВО телеарнасы, MGM аренасы ұйымдастырушылары, демеушілері мен жанкүйерлерінен кешірім сұрады. Сондай-ақ Атлетикалық комиссияның шешімін құрметтейтінін айта кетті. Допингтен ақталып шығып, тамыз немесе қыркүйек айында жекпе-жек өткізгісі келеді. Генамен екінші рет сол кезде жұдырықтасуға ниетті. Ал Golden Boy промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес те өз өкінішін білдірді. - 5 мамырға жоспарланған екінші кездесуден бас тарттық. 18 сәуір күні комиссия тыңдалымы өтіп, ресми шешім шығады. Өкінішке қарай, одан кейін 5 мамырға дейін жекпе-жекті кең көлемде жарнамалауға уақыт аз, - деді. Наурыз айының басында мексикалық боксшының допинг сынамасынан кленбутерол табылды. Бұл препарат адамға бұлшықет көлемін өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс бұл препарат жануарлардың салмақ қосуы үшін де пайдаланылады екен. Канело қалай ақталды? Ол бұл препарат қанына ет арқылы түскенін айтты. Боксшы, болмаса оның дәрігер мамандары (диетолог) еттің зақымдалғанын білмеген. Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин5 мамыр күні жекпе-жек өткізгісі келеді. Ал GGG-мен жұдырықтасқысы келетін боксшылардың қатары мол. Атап айтар болсақ, америкалық Джермалл Чарло мен Деметриус Андраде, украиналық Сергей Деревянченко, ирландиялық Гэри О Салливан, бразилиялық Ямагучи Фалькао, мексикалық Хильберто Рамирес пен Хулио Сезар Чавес (кішісі) бар. Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылдың 17 қыркүйегінде өтіп, тең нәтиже тіркелген болатын.