Головкин маусым айында АҚШ-та бір кездесу өткізетін болды
"2013 жылы біз Головкиннің қатысуымен 5 кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның біріншісін ол жеңіспен аяқтап үлгерді. Келесі жекпе-жек 30 наурызда жапондық Нобухиро Ишидоға қарсы өтеді. Осы кездесу сәтті аяқталса, Гена осы жылдың маусымында рингке көтеріледі. Оған қоса, біз оны АҚШ-та өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан кейін Головкинге тағы да екі кездесу ұйымдастыруды ойлап отырмыз",-дейді Том Леффлер.
Промоутердің айтуынша, мүмкін болатын қарсыластардың ішінде орта салмақтағы әлемнің ең үздік былғары қолғап шеберлерінің есімдері бар. "Қазіргі таңда Головкин WBC чемпионы Серхио Мартинес, IBF үздігі Дэниэл Гил, WBO тұжырымындағы әлем чемпионы Питер Куиллин және тағы да сол сияқты мықтылармен қолғап түйістіруге дайын. Гена ешқандай қарсылас талғамайды. Олардың жүрегі дауаласа, Геннадиймен кім бірінші шығатынын өздері шешсін",-деп келтіреді өз сөзін промоутер.
Естеріңізге салсақ, Геннадий Головкин өткен айда WBA тұжырымы бойынша ең үздік боксшы деп танылған болатын. Ендігі жерде ол жылдың үздік боксшысы атануға жұмыстанбақ.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: fightnews.ru