15 қыркүйекте Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) T-Mobile аренада өтетін Геннадий Головкин (39-38-1, 34 КО) мен мексикалық Канело Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы жекпе-жекте қанша билет сатылғаны белгілі болды. Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының директоры Эрик Гоместің айтуынша, сатылымда 2 мыңнан аса билет қалған. Андеркартта кімдердің шығатыны белгілі болғанда арнайы билеттер сатылымға шығады. Былтырғы кездесуде барлық билет сатылып, рекорд орнатылған еді. T-Mobile Arena-да өткен жекпе-жекте 17 318 билет сатылып, ұйымдастырушыларға 27 миллион доллар табыс әкелген. Бұл Невада аумағындағы жекпе-жек тарихындағы үшінші көрсеткіш. Еске салайық, мексикалық боксшы Сауль Канело Альварес ақпанда тапсырған допинг сынамасынан екі реткленбутерол табылып,ол бокстан алты айға шеттетілген еді. Бұл препарат адамға бұлшықет көлемін өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс бұл препарат жануарлардың салмақ қосуы үшін де пайдаланылады екен. Golden Boy мәлімдемесінде Сауль Альварестің ағзасына бұл препарат зақымдалған ет арқылы енген болуы мүмкін екені айтылған. Дәл осындай жолмен соңғы кездері ондаған спортшының ағзасынан кленбутерол табылған. Осыдан соң 5 мамырға жоспарланған Головкинмен рематчы кейінге қалдырылған еді. Енді жекпе-жек 15 қыркүйекте Лас-Вегаста (Невада штаты) T-Mobile Arena-да өтеді.