Головкин жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесу үшін Мексикаға барады
Бүкіләлемдік бокс кеңесі басшыларының айтуынша, Головкин Пуэрто-Рико, Флорида және Хьюстонда табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін 16 қыркүйек күні Лас-Вегаста отандасымыздың қарсыласы болған мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-2, 34 КО) жер сілкінісінен зардап шеккен отандастарына бір миллион доллар көлемінде ақша аударып, көмектескен болатын.
Мексикадағы 7,1 баллдық жер сілкінісі 19 қыркүйек күні болған еді. Соңғы деректер бойынша, бұл апаттан 360 адам қаза тапқан. Тағы төрт миллионға жуық тұрғын жарықсыз отыр. Елдің астанасы Мехико қаласының тұрғындарының көп бөлігі үй-жайсыз қалған.
Геннадий Головкиннің өзі болса жуырда ғана Германияның Гифхорн қаласында өткен қайырымдылық іс-шарасына қатысты. Бұл іс-шара боксшы Эдуад Гуткнехтті қолдау мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Эдуад Гуткнехт әуесқой бокста Геннадий Головкинді жеңген санаулы боксшылардың бірі. Неміс былғары қолғап шебері 2005 жылы Германиядағы "Chemie Pokal" турнирінде ұпай саны бойынша жеңіске жеткен. Кейіннен кәсіпқой боксқа ауысып, әлем чемпионы атануға мүмкіндік алған. Алайда өткен жылы британ Джордж Гроувзға қарсы жекпе-жекте ауыр жарақат алып, миына қан құйылған. Дәрігерлер бірнеше рет ота жасағанмен, боксшының жазылмайтынын айтқан еді. GGG бұл қайырымдылық шарасының қорына 25 000 еуро берді.