Головкин: "Гил – спорттық мансабымдағы ең мықты қарсылас"

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Головкиннің сөзінше, алдағы жекпе-жек оның мансабындағы ең ауыры болмақ. Одан бөлек, ол Гилмен болатын кездесуге әдеттегіден көбірек дайындалып жатқанын да айта кетті.

«Мен ақпан айынан бері рингке шыққан жоқпын. Сондықтан дайындығымыз да біразға созылатын түрі бар. Бастысы – командама, бапкерім Абель Санчестің қарамағына қайтып оралдым. Дэниэл Гилге келер болсам, ол менің мансабымдағы ең мықты қарсылас болмақ»,-деді Генаның Allboxing.ru сайтына.

Осыған дейін Головкиннің бапкері Абель Санчес Гилді қазақстандық боксшының ең лайықты қарсыласы деп таныған болатын. Оның сөзінше, аустралиялық боксшы неғұрлым жақсы жұдырықтасатын болса, Головкин соғұрлым өз-өзін ашылып көрсетпек. 

Естеріңізге сала кетсек, Геннадий Головкин мен Дэниэл Гил арасындағы кездесу 26 шілде күні Нью-Йорктің 20 мың көрермен сыятын Madison Square Garden кешенінде өтіп, бокс кешін күллі әлемге америкалық HBO телеарнасы тарататын болады. Ал қазақ елінің көрермендері жерлесінің өнерін 27 шілде күні KazSport арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Геннадий Головкин үшін алдағы кездесу өз мансабы жолындағы 30-шысы саналады. Одан бөлек, Гена WBA чемпиондық белбеуін осымен 11-ші мәрте қорғағалы отыр. Гил болса, 31 кездесудің 29-ын жеңіспен аяқтап (15-ін нокаутпен), екеуінде жеңіліс тапты.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vk.com/ggolovkin

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама