Головкин әлемдегі ең үздік он боксшының қатарында

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Америкалық танымал Bleacher Report спорт порталы жасаған жаңа рейтинг филиппиндік Мэнни Пакьяо мен америкалық Тимоти Бредли арасындағы титулдық жекпе-жектен кейін жаңарып отыр. Бұл кездесу 13 сәуір күні Лас-Вегас қаласында өтіп, төрешілердің бірауыз шешімімен Пакьяо жартылай орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Одан бөлек, филиппиндік боксшы осы кеште 20 миллион АҚШ долларын қалтасына басса, Бредли 6 миллион долларды қанағат тұтты.  

Сонымен Геннадий Головкин ТОП-25 рейтингісінде өзінің тоғызыншы орнын кезекті мәрте сақтап қала алды. Портал хабарлағандай, қазақстандық өзінің соңғы 16 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Ендігі кезекте ол атақты қарсыласымен кездесу үшін орта салмақты тастап супер (немесе екінші орта) орта салмақ дәрежесіне (168 фунт) көтерілуге мәжбүр. Сондай-ақ рейтинг түзуші портал Гена мен аргентиналық Серхио Мартинестің бір кездері шаршы алаңда жолығатынына да сенім білдірген.  

Соңғы рет Головкин 2014 жылдың ақпан айында ганалық Осумана Адамаға қарсы кездесуде жеңіске жеткен еді. Бұл жекпе-жекте қазақстандық қарсыласын бірінші, алтыншы және жетінші раундтарда нокдаунға жіберіп үлгерді.  

Ендігі кездесу 19 шілде күні АҚШ жерінде өтеді деп жоспарланған. Қарсыласы - орта салмақтағы әлемнің экс чемпионы, мексикалық боксшы Хулио Сезар Чавес. Ал Bleacher Report порталы көптен күткен кездесуді жылдың басты жекпе-жегі болады деген болжам айтыпты.

Ал ТОП-25 рейтингісіндегі қалған боксшыларға келер болсақ, көш басында мызғымайтын кіші Флойд Мейвезер. Одан кейін Головкиннің болашақтағы басты қарсыласы деп күтілген Андре Уорд жайғасқан. Үштікті Мэнни Пакьяо қорытындылап тұр.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: Bleacher Report

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама