Головкин - Адама. Кездесуден соң

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Естеріңізге сала кетсек, титулдық жекпе-жек Монакода ақпанның 1-інен 2-сіне қараған түні өткен болатын. Кездесу қорытындысы бойынша Головкин қарсыласын жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, өз атақтары сәтті қорғап қалды. Қазақстандық үшін бұл кездесу 29-шы (29 жеңіс, 25 нокаут), ал уақытынан бұрын аяқтаған қатарынан 16-шы саналады.   

vRINGe.com сайтының авторы жазғандай, Головкин жұмсаған әр соққысына өзіндегі үлкен күш қорының тек азғантай мөлшерін ғана қолданды. Сондай-ақ қазақстандық боксшы жеңіске жету үшін қажет барлық амалдарды сауатты жасай білген. Ол өзінің жоғары шеберлік деңгейін сақтай отырып, алға қойған мақсаттарын түгелдей орындап шықты.   

Аталған жекпе-жекке байланысты өз пікірімен бөліскен сайт авторы: «Адама кездесу алдында ринг-анонсер Майкл Баффер бокстағы орта салмақ тарихында бұрын-соңды болмаған панчер (ауыр соққы иесі) және қазіргі таңдағы чемпиондар арасында ең жоғары нәтижеге ие нокаутшы деп хабарлаған Головкиннен қорықпайтындай сыңай көрсетіп бақты» деп жазады.     

Алайда, Генаның сол қолынан алған соққыдан кейін ганалық боксшы бастапқы райынан қайтып, чемпионға құрметпен әрі абайлап қарай бастаған.  

«Головкин еш қиындықсыз өзіне қажет позицияға шығып бокстасса, ал оның қарсыласы оның соққысынан сескеніп, қолғабымен бетін бүркеуден әрі аса алмады. Геннадий болса жаттығуда спарринг қарсыласымен кездесіп жатқандай әсер қалдырды. Қалаған кезде шабуылдап, қорғаныс кезінде тіпті жаттығуда жасайтын қимылдарын көрсетіп біраз бой сергітіп алды. Оның орындауындағы апперкоттар болсын, джеб немесе хук болсын барлығы да жеңіл жұмсалып, әрі Головкинге еш қиындық тудырмады.   

Екінші раундта Головкин қарқынын біраз күшейтті. Соққылары да жиілеп, ал қарсыласы Генаның құрған тұзағына біртіндеп жақындай түсті. Үшінші раунд Генаның толықтай басымдылығымен өтті. Өзіне қарай соққылардың сериясы жауған Адамаға бұл нағыз бітпес азапқа айналды. Осылайша бір ғана Головкиннің сценрийімен жалғасқан кездесудің бесінші раунды да аяқталды.   

Алтыншы раундта Головкин Осумананы бір ғана бүйірден ұрған соққысымен-ақ кездесу тағдырын уақытынан бұрын шешіп тастай алатындығын анық көрсетіп берді. Барлығы да Генадан осыны күткен еді. Алайда осы тұста африкалық тек капасын жерге түсіріп алып қана, біраз демалып алуға мәжбүр болды. Біраз тынығып алған Адама қашып жүріп, соққы жұмсауға тырысып бақты. Дегенмен Головкин көп күттірген жоқ. Өзінің негізгі жұмысына қайта көшті. Джебпен ақырын шабуылға көшкен ол осы раундтың ішінде де Адаманы ринг төріне бір аунатып түсірді. Генаның сол қолымен жұмсаған соққысының нәтижесінде нокдаунға түсіп қалған Адама кездесуді қайта жалғастыруға дайын екендігін көрсеткенімен, өзі де көрермендер де шешуші сәттің жақындағанын анық сезді.

Жетінші үш минуттық бастала салысымен, Адама тағы да бір рет нокдаун алып үлгерді. Бұл жолы ол чемпионның джебі есебінен орын алды. Дегенмен қайтадан аяққа тұрып үлгерген ганалық соққы үстіне соққы алып, солардың бірінде Генаның сол қолымен жасаған кроссын сол жақ бетіне дәл қабылдай кетті. Осы кезде аяғы қалтырап кеткен Адаманың жағдайын дер кезінде түсінген бас төреші кездесуді тоқтатуға шешім шығарды»,-деп жазады vRINGe.com.  

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Головкин ендігі кезекте орта салмақтың «супер жұлдызын» анықтау үшін WBC чемпиондық белбеуінің иесі аргентиналық Серхио Мартинеспен жұдырық түйістіргісі келетіндігін айтқан еді. Ал Геннадий Головкиннің 30-шы кездесуі 26 сәуір күні Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden кешенінде өтеді деп жоспарланған. Болашақ қарсыласының кім болатыны әзірге белгісіз.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: Sumio Yamada©

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама