Геннадий Головкинге Астанадан пәтер сыйға берілді
Кездесу барысында елімізге танымал «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Раxымбаев боксшыға Астанадан пәтер сыйға тартты.
- Біз Геннадий Головкиннің Қазақстанға келуін асыға күттік. Келгеніне үлкен рақмет. Осы орайда зор құрметпен Геннадийге пәтер кілтін табыстауға рұқсат етсеңіздер. Біздің чемпион өзіміздің үйде өмір сүруі керек, - деп пәтер кілтін табыстады.
Кездесу барысында боксшы жиналған жұртшылықтың сұрақтарына барынша жауап беруге тырысты. Олардың көпшілігі Сауль Альвареспен арадағы жекпе-жек туралы болды.
- Бұл жекпе-жекті өзім де тағатсыздана күтіп жүрмін. Жекпе-жектің ұйымдастырылуына бар күшімізді салып жатырмыз. Мен орта салмақта барлық белбеулерді иеленсем деймін», - деді GGG.
Сондай-ақ 2017 жылғы EXPO қарсаңында Астана қаласында жекпе-жек өткізуі туралы да сұрақтар қойылды.
- Біз Астанаға «НВО» телеарнасының түсірілім тобын ала келдік. Олар қала туралы, жекпе-жек ұйымдастырылатын жағдайда қалай көрініс табатыны туралы түсірілімдер жасауда. Біз бұл жекпе-жекті жоғары деңгейде ұйымдастыра аламыз деген сенімдемін. Егер барлығы ойдағыдай болып жатса, ендігі жылдан кеш болмас. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазақстанда жекпе-жек өткізуге құлшынысым жоғары. Үлкен кәсіпқой бокс кешін ұйымдастырып, жанкүйерлерді неге қуантасқа?! Біздің ел бұған лайықты, - деді Геннадий Головкин.
Кездесу соңынан Геннадий Головкин жиналғандарға қолтаңба беріп, естелік суреттерге түсті.
Айта кетейік, осыған дейін «НВО» арнасы Қазақстанда Геннадий Головкин жайлы фильмнің түсірілім жұмыстарын жүргізгені туралы хабарлаған едік.