Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес екінші жекпе-жегі алдында допинг тексеруден өтті. Бұл жекпе-жек бойынша допинг-сынаманы VADA (Допингке ерікті тестілеу қауымдастығы) жүргізеді. Боксшылар сынаманы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) Таза бокс бағдарламасы аясында тапсырды. VADA ұйымының твиттердегі ресми парақшасында GGG сынаманы жетінші рет, ал Канело - алтыншы рет тапсырғаны жазылған. Қос боксшы арасындағы екінші кездесу 5 мамыр күні өтеді. НВО арнасы ақылы көрсетілім (РРV) бойынша трансляция тарататын болады. Әзірге жекпе-жектің қайда өтетіні белгісіз. Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы кездесу 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен болатын. Төрешілер шешімі бойынша боксшылар тең түскен-ді.