Қазақстандық дзюдошы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг Беларусь елінің астанасы Минскіде өтіп жатқан Еуропа кубогында топ жарды. 48 кг салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Галбадрах жарысты екінші айналымнан бастады. Алғашқы белдесуінде ресейлік Лилия Киселеваны ұтты. Жартылай финалда әзірбайжан спортшысы Айша Гурбанлыдан айласын асырды. Ал финалда ресейлік дзюдошы қыз Татьяна Аякинаны жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ осы салмақта татамиге шыққан тағы бір отандасымыз Әйгерім Төреғожина алғашқы кездесуінде осы Татьянадан жеңіліп жарысты аяқтады. Ерлер арасында 66 кг салмақта Есет Қуанов финалда ресейлік Арам Григорянға жол беріп, күміс медаль иеленді. Минскідегі додаға ұлттық құрама сапында 27 дзюдошыаттанған болатын. Ертең ерлер арасында 81, 90, 100 және +100 кг салмақ дәрежелерінде, әйелдер арасында 70, 78 және +78 кг салмақта жеңімпаздар анықталады. Айта кетейік, Галбадрах Отгонцэцэг Еуропа кубогынан кейін Азия ойындарына қатысады. Сары құрлықтың басты додасында дзюдо жарыстары 25 тамыз күні басталады.