«Галатасарай» Астанадағы дайындықтарын бастады

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ galatasaray.org

Топтық кезеңді «Астана» да, «Галатасарай» да сәтсіз бастады. Қазақстандық клуб Лиссабонда «Бенфикаға» есе жіберсе, түркиялық ұжым өз алаңында Мадридтің «Атлетико» клубына ұтылды. Спорт сарапшылары «Атлетико» мен «Бенфиканы» «С» тобының фавориттері санап отыр. Ал үшінші орынға «Астананың» таласуға мүмкіндігі бар деп топшылауда.

Стамбулдық клуб «Астана Аренаның» жасанды желегіне бой үйрету үшін арнайы жаттығулар жасауда. Сондай-ақ футболшылар жасанды алаңға арналған арнайы бутсыларын да ала келген. Бүгін қос команда бапкерлері ойын алдындағы баспасөз мәслихатын өткізеді. Ал кешкісін командалар соңғы оқу-дайындық жұмыстарын пысықтайды.

Станимир Стойлов жаттықтыратын «Астана» бұл маусымда өз алаңында жеңілген жоқ. Салқын ауа-райы мен жасанды желек те алаң иелерінің басымдығы ретінде саналуда. Сондай-ақ жанкүйерлер қолдауы да «Астананы» желпіндірері анық. Осыны ескерген кей спорт сарапшылары қазақстандық клуб Чемпиондар лигасындағы алғашқы ұпайына ие болуы мүмкін деп болжауда. Ал букмекерлік орталықтар қазақстандық клубтың жеңісіне - 3,18 коэффициент, тең ойынға - 3,2, қонақтар жеңісіне 2,35 коэффициент ұсынуда.

Айта кетейік, «Астана» мен «Галатасарай» арасындағы ойын 30 қыркүйек күні өтеді. Астана уақытымен сағат 22:00-де басталатын ойынды «Таң» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға швециялық төреші Мартин Стрембергсон қазылық жасайтын болады.  

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама