Футболдан жыл үздіктері анықталды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ pflk.kz

Сауалнамаға респондент ретінде премьер-лигада бақ сынайтын клубтардың басшылары, бас жаттықтырушылары мен капитандары қатысқан. Олар әр үздікті таңдауда үш нұсқа ұсынған.  Бірінші жазылған үміткерге - үш, екіншісіне - екі, ал үшіншісіне бір ұпайдан берілген.

Сауалнама қорытындысы бойынша «Қайрат» футбол клубының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан жылдың үздік футболшысы атанды. Ол барлығы 46 ұпай жинады. Екінші орынға тұрақтаған Азат Нұрғалиевтен 19 ұпайға артық жинаған. Ал Азат пен Жерар Гоу 27 ұпайдан еншілеген. Бірақ, Азатты үздік деп танығандар 8 адам болса, Гоуды бірінші орынға тек төрт-ақ респондент қойған.

Шымкенттің «Ордабасы» клубында ойнайтын Еркебұлан Тұңғышбаев жылдың ең үздік жас футболшысы атанды. Ол сауалнама қорытындысы бойынша 49 ұпай жинады. «Ақтөбе» ойыншысы Дидар Жалмұқан 32 ұпайға ие болса, үштікке «Ертістің» жас ойыншысы Георгий Сартаков (19 ұпай) енді.

Жылдың үздік жаттықтырушысы ретінде сөзсіз Станимир Стойлов танылды. Дауыс берген 36 респонденттің 23-і «Астана» клубының жаттықтырушысын бірінші орынға қойған. Қорытындысында 83 ұпаймен өзгелерден көш ілгері тұр. Екінші орынға да болгар елінің жаттықтыушысы орналасқан. «Ертісті» жаттықтыратын Димитар Димитров 34 ұпай иеленген. Үштікке «Қайраттың» бас жаттықтырушысы Кахабер Цхедадзе (30 ұпай) енген. Ал отандық жаттықтырушылардан Талғат Байсуфинов бар болғаны 10 ұпаймен бесінші орынға тұрақтаған.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы жылдың үздік ойыншысы, ең жас ойыншысы мен жаттықтырушысын ғана анықтап қоймай, жылдың үздік құрамын да жариялады. Бұл құрамға 22 футболшы енген.

Сондай-ақ «Бірінші лиганың 2016 жылғы үздік ойыншысы» да анықталды. Бұл марапатқа «Алтай» футбол клубының капитаны Андрей Карпович ие болды. Ол сауалнамада 26 ұпай еншіледі (4 – бірінші орын, 5 – екінші орын және 4 – үшінші орын). Екінші орынға 23 ұпаймен «Алтайдың» шабуылшысы, І-лиганың сұрмергені Алексей Шакин ие болды (5-3-2). Үштікті 22 ұпай жинаған «Қайсардың» көшбасшысы Руслан Сақалбаев түйіндеді (4-5-2).

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама