Фристайлдан әлем кубогының финалдық кезеңі Қазақстанда өтеді
Коста Наваринода (Грекия) Халықаралық шаңғы жарыстары федерациясының (FIS) кезекті конгресі өтіп, 2018/19 жылғы маусымның күнтізбесі бекітілді. Алматыда могулден ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстың соңғы кезеңі өтетін болды.
Әлемнің ең үздік спортшылары Шымбұлақ тау-шаңғы курорты аумағында сынға түсетін болады. Жекелей жарыс 2019 жылдың 2 наурызында өтсе, жұптық сайыс 3 наурызға жоспарланған. Жарыс қорытындысы бойынша маусымда ең үздік нәтиже көрсеткен спортшылар марапатталатын болады.
- Мұндай жарыстың елімізде өтуі – спортымызға зор серпін береріне сенемін. Өз жерімізде әлем кубогын өткізу үшін көп жұмыстар атқарылары да сөзсіз.
Универсиададан кейін біз есте қаларлық ерекше жарыстар ұйымдастыра алатынымызға сенемін.
Мені тағы бір қуантатыны, көптеген шетелдіктер Қазақстанды гаджеттерден емес, өз көзімен көретін болады. Көпшілігі жарысқа қатысу үшін ғана емес, біздің елді көру үшін келетіні де анық. Универсиададан кейін елімізді көруге асығатын шетелдіктер саны артты.
Могулдан әлем кубогының бұл кезеңіне кіл мықты спортышлар келетін болады. Себебі бұл жарыстың бір кезеңі емес, финалдық бәсекесі. Мұнда ең мықты спортшылар хрусталь глобусты иелену үшін күш салады. Ал ол марапат маусымның үздік спортшысына беріледі. Ауа райының тамаша болуын тілейміз, - деді Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева.
Сондай-ақ могулдан финалға дейінгі өзге кезеңдері Финляндияның Руке, қытайдың Тайву, канаданың Калгари мен Тремблан, АҚШ-тың Лэйк-Плэсид, жапонияның Тазавако қаларында өтеді.
Естеріңізге сала кетсек, биыл қазақстандық Дмитрий Рейхерд могулдан әлем кубогында екінші орын алған болатын. Ал Юлия Галышева алтыншы орынмен маусымды аяқтаған еді.