Флойд Мейвезер Мэнни Пакьяоны ұпай айырмасымен жеңді

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ AFP

Бірінші раундтардан бастап басымдықты қолға алуға ұмтылған филиппиндік боксшы барын салғанмен, қорғанысты басты назарда ұстаған америкалық өз ұстанған жүйесін жүзеге асырды. Қашып жүріп жұдырықтасқан Флойд Мейвезер қарсыласының қателігін күтумен ғана жүрді. Ал өз кезегінде қарсыласты сұлатып қана жеңіске жетуді көздеген Мэнни Пакьяо 12 раунд бойы мықтылығын мойындата алмады. Қарсыластың мығым қорғанысы сыр бермеді. Нәтижесінде төрешілер шешімімен 118-110, 116-112, 116-112 ұпай айырмасымен америкалық боксшы өз атағын қорғап қалды. Сонымен қатар, WBA және WBC тұжырымдарындағы чемпиондық белбеуін сақтап, WBO тұжырымы бойынша да теңдессіз боксшы болып танылды.

Айта кетейік, 38 жастағы Флойд Мейвезер өзінің 48-ші жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Барлығында да қарсыластарына есе жібермеген. Ал Мэнни Пакьяо болса спорттық мансабындағы алтыншы жеңілісінің кермек дәмін татты. Ол осыған дейін 57 кездесу өткізіп, 5 рет жеңіліп, 2 рет тең түскен болатын. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама