Аргентина елінің астанасы Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының финалында қарсыласына төрешілер шешімі бойынша есе жіберген қазақстандық боксшы Талғат Шайкен жанкүйерлерден кешірім сұрады. Боксшының айтуынша, отандасымыз финалда төрешілер тарапынан әділетсіздікке ұшыраған, - деп хабарлайды ҚР ҰОК ресми сайты. - Қазақ елінің үмітін ақтай алмадым. Кешірім сұраймын! Финалда ұтылдым. Төрешілер осымен үшінші рет жеңісімді тартып алды. Бұл боксшыны үш рет жеңсем де, жеңісті бермеді. Өте өкінішті, - деді Талғат финалдан соң. Талғат Шайкен 64 кг салмақта жасөспірімдер Олимпиадасының күміс медалін иеленді.Финалдық жекпе-жекте төрешілер ресейлік боксшы Илья Попов жеңіске жетті деп таныды. Айта кетейік, Буэнос-Айреске барған қазақстандық бес боксшының төртеуі жүлделі орыннан көрінді. Айбек Оралбай Олимпиада чемпионы атанса, Дамир Тойбай күміс жүлдегер атанған еді. Ал қыздар арасында Надежда Рябец қола жүлде еншіледі. Тек Жансая Әбдіраймова ғана ширек финалда америкалық Хэвен Гарсияға жол беріп, жүлделі орыннан көріне алмады.