ФИФА президенті өз еркімен қызметінен кетті
Йозеф Блаттердің өз еркімен қызметінен кеткені тосын жаңалық болғаны рас. Футбол төңірегіндегі дау-дамай, жемқорлық пен өсек-аяңдар 79 жастағы маманды алаңдатса керек. Бүгін өткен ФИФА-ның кезектен тыс отырысында президент өз қызметінен кететінін мәлімдеді.
- ФИФА футбол деңгейін көтеру үшін барын салып келеді. Мен сол үшін құрметтеймін. Өмірімді де осы қызметіме арнадым. Десе де бір күні бұл қызметтен кететінім анық еді. Өз еркіммен қызметтен кету туралы шешім қабылдауға бекініп те жүрдім. Бүгін соның сәті келді, - деді.
Йозеф Блаттер өз еркімен қызметінен кетуінің себебі барын да айта кетті.
- Мен сайлауда жеңіп шыққаныммен, ФИФА өкілдері мен клубтар менің жұмысымды қолдамады. Сондықтан жедел түрде конгресс өткізіп, жаңа басшы сайлау керек болды, - деді ол.
79 жастағы маман жаңа президент сайлауын өткізу үшін қайта ФИФА конгресін өткізуге шақырды. Жаңа сайлау өткенше Йозеп Блаттер қызметін жалғастыра береді. Жаңа президент сайлауы 2015 жылдың желтоқсаны мен 2016 жылдың наурыз айы аралығында өтеді.
Айта кетейік, осыған дейін Швейцарияның федералдық әділет бюросы Цюрихте Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) 14 белді мүшесін сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп қамауға алған болатын.