ФИФА «Барселона» жазасын жеңілдетпеді
Айта кетейік, сәуір айында ФИФА «блаугранаға» қарсы жаза тағайындаған болатын. Мұндай жазаның жайдан қабылданбағаны белгілі. Клуб басшылығы 2009-2013 жылдар аралығындағы трансфер кезеңінде 18 жасқа толмаған 10-ға жуық футболшыны қатарларына қосып, тіркеген. Ережеге сәйкес команда аталған жасқа жетпеген шетелдік футболшымен келісімшарт жасасу үшін ФИФА бейінді комитеті рұқсатына жүгінуі қажет. Ал «блауграна» басшылығы бұл талаптарды орындамай, осы тақырып төңірегіндегі тағы бірнеше істерде жауапсыздыққа бой алдырған. Осы оқиғадан кейін каталондық клуб президенті Хосеп Бартомеу 19 мамырда ақталуға шағым түсіретінін хабарлаған болатын. Кейіннен клуб шағымы қаралғанша осы жазғы трансферде ойыншы сатып алуына рұқсат етілді. Кеше шыққан ФИФА-ның арыз-шағым қабылдайтын комитетінің отырысының қорытындысында, 2015 жылдың қаңтар айынан бастап «Барселона» қатарларына ойыншылар сатып ала алмайтын болды. Сонымен қатар, клубқа 450 000 швейцар франкі, ал Испания футбол федерациясына (RFEF) 500 000 франк айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетсек, жазғы трансфер кезеңі 31 тамыз күні мәресіне жетеді. Осыған дейін қатарларына Луис Суарес, Томас Вермален, Клаудио Браво сынды ойыншыларды қосқан клубтың әлі де ойыншылар алуға мүмкіндіктері бар.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет:fifa.com