ЕҰУ командасы ұлттық студенттер лигасын жеңіп алды
Ұлттық студенттер лигасының елордадағы бәсекесінде Еуразиялық Ұлттық Университеті студенттерінен құралған команда жеңімпаз болып танылды. Ақтық сында Қазақ Мемлекеттік Заң Университетінің құрамасымен кездескен команда 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал үшінші орын үшін болған кездесу тартысты өтті. Назарбаев Университетінің студенттері Қаржы полициясы академиясынан 0:2 есебімен жеңіліп тұрып, таразы басын теңестіріп, пенальти сериясынан кейін қола жүлдені еншіледі. Ал үздік деп танылған футболшылар Қазақстан құрамасының Венгриямен өтетін ойынына жолдама алатыны жайлы да мәлімдеген едік.
Сонымен, ұйымдастыру комитеті лиганың үздіктерін анықтап, Венгрия – Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы кездесуді тамашалау үшін Будапештке баратын студенттердің есімдерін атады. Үздік қақпашы – Ербақыт Кішкентаев (ҚазМЗУ), үздік қорғаушы – Әлинұр Мирасов (Назарбаев Университеті), үздік шабуылшы – Әділ Балғабаев (ЕҰУ). Осы үш студент ұлттық құраманың ойынын тамашалап қайтатын болады.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздарды ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов және ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тәкір Балықбаев марапаттады.
1 қыркүйектен бастап турнирдің республикалық көлемдегі жобасы қолға алынбақ. ҚФФ бас хатшысы мәлімдеуі бойынша, футбол додасы тартысты чемпионатқа айналады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: ffk.kz