Еуропа Лигасы. Көп күттірген арман
Жүз жылдық тарихы бар қазақ футболының жаңа парағы ашылмақ. Көп күттірген арманның шыңын Виктор Кумыков шәкірттері бағындырды. Бұл маусымда премьер-лигада қосалқы құраммен өнер көрсетіп жүрген «кеншілер» ұжымы негізгі күшін осы байрақты бәсекеге сақтап отыр. Енді Еуропа Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсететін ұжымға Массагет.кз сәттілік тілейді!
Бүгін гректің «ПАОК» командасымен болатын кездесуде «Шахтер» «қызыл-сары» түсті жейдесімен алаңға шықса, алаң иелері алғаш рет ақ жейдемен өнер көрсеткелі отыр.
Виктор Кумыков, «Шахтер» командасының бас бапкері:
- Біз қарсыластарды құрметтейміз. Бүгінгі кездесуге 3 тактикалық ойын бойынша дайындалып келдік. «ПАОК» командасының осал тұсын байқай отырып, бірін жүзеге асырамыз. Сербтік қорғаушы Никола Василевичтің бүгінгі кездесуге шыға алмауы біз үшін өкінішті-ақ. Алайда біз жеңіс үшін бар күшімізді саламыз.
Хуб Стебенс, «ПАОК» командасының бас бапкері:
- «Шахтер» сауатты ойнай алатын команда. Дегенмен «Барселона» емес. Команда қорғаныста жүріп жылдам шабуылға шыға алады. «Селтикпен» болған екі кездесуін де қарап шықтым. Қорғаушылары бойшаң екен. Әсіресе стандартты жағдайдан сақтануымыз керек. Алайда біз тек жеңіс үшін ойнайтын боламыз.
«Шахтер» еурокубок жолында бес қорғаушымен ойнап келеді. Бүгін серб қорғаушысы Никола Василевичтің денсаулығына байланысты алаңға шыға алмауы командаға әсер етуі әбден мүмкін. Енді қорғаушының орнын кім баспақ? Мүмкін Евгений Тарасов шығар. Бірақ бұл қорғаушы өткен турда «Ақтөбеге» қарсы кездесуде көптеген қателіктер жіберді. Бәлкім «кеншілер» ұжымы 4 қорғаушымен алаңға шығып, Роман Мұртазаевтың негізгі құрамда ойнауы да ғажап емес.
Қарағандылық команданың шабуылшысы Сергей Хижниченко бүгін ерекше үлгідегі шаш үлгісімен өнер көрсетпек. Бұл шаш үлгісін ол интернет арқылы Египет құрамасының шабуылшысы Мохаммед Зиданның суретінен көрген екен.
Көптеген букмекерлік орталықтар алаң иелерін бұл кездесуде фаворит санауда. «ПАОК»-тың жеңісіне – 1,35 коэффицент, тең ойынға – 4,75 коэффицент, ал «Шахтердың» жеңісіне – 10 коэффицент беріп отыр.
ПАОК: қақпашы— Хакобо, қорғаушылар — Георгиос Цавелас, Мигел Витор, Костас Кацуранис, Стелиос Кициу, жартылай қорғаушылар — Мирослав Стох, Александрос Циолис, Сотирис Нинис, Лукас Перес, шабуылшылар — Стефанос Атанасиадис, Димитрис Салпингидис.
«Шахтер»: қақпашы -Александр Мокин, қорғаушылар — Андрей Порываев, Евгений Тарасов, Алдин Джидич, Сергей Малый, Александар Симчевич, жартылай қорғаушылар— Геворг Казарян, Рохер Каньяс, Гедиминас Вичюс, Андрей Финонченко, шабуылшы — Сергей Хижниченко.
Кездесу Астана уақытымен сағат 01:05-те басталады. Салониктегі «Тумба» стадионында жанкүйерсіз өтетін кездесуді «КТК» және «НТВ Плюс баскетбол» арналарынан тамашалай аласыздар.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz, vesti.kz, sports.ru