«Еуразия барысы» ел құрамасына бұйырды
Кілемге алғаш болып көтерілген Абзал Арыстанбеков қарсыласы Ганболд Херленнен алғашқы минуттарда әлсіздеу көрінгендей болған. Дегенмен өз әдісін күтумен жүрген алматылық палуан қарсыласының босаңсыған тұсын дәл аңғарып, жауырынын жер иіскетті.
Екінші болып белдескен Ерлан Естек Раджа Санжатуре арасындағы белдесуде моңғол палуаны бірден шабуылға ден қойған. Қорғанысты назарда ұстай жүріп қимылдаған қазақ палуаны сенімді әдіс жасап, қарсыласына мықтылығын танытты.
Ерсін Мұхамеджанов пен Тувшинджаргал Ган арасындағы белдесу ұзаққа созылды. Кілемде бірнеше даулы сәттер де орын алды. Төрешілер қос палуан күресін тең деп тауып, ережеге сай шешуші белдесуді белгіледі. Моңғол палуаны бірден Ерсінді жұлқа лақтырмақ болған еді, алайда өз әдісінің өзі құрбаны болды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын жеңімпаз болып танылды.
90 келіде кілемге көтерілген жерлесіміз Мұхит Тұрсынов Моңғолиядан келген қазақ Серік Бәйкемұратпен тең түсіп, жеңісті қарсыласына сыйлады.
Аса ауыр салмақтағы Бейбіт Ыстыбаев пен Сугаржардал Болдпурев арасындағы белдесуді жұртшылық асыға күтті. 194 келідегі моңғол палуанына Бейбіт қандай қарсылық көрсетер екен деген ойда болған. Дегенмен 2012 жылғы «Қазақстан Барысы» жеңімпазы өз мықтылығы мен мол тәжірибесінің арқасында Сугаржардал жауырынын жер иіскетті. Осылайша намысты қолдан бермеген қазақ жігіттері «Еуразия барысының» жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Бейбіт Ыстыбаев ең үздік палуан болып танылды.
Таразда өткен «Еуразия барысы» додасына барлығы 8 ұлттық құрама қатысты. Бас жүлде алған Қазақстан құрамасы 50 000 АҚШ долларын иеленсе, екінші орындағы Моңғолияға 20 000 АҚШ доллары бұйырды. Ал үшінші сатыдан көрінген Ресей құрамасы 10 000 АҚШ долларын еншілеп қайтты. Одан кейінгі орындар мен сыйларды Тәжікстан, Иран, Түркия, Польша және Қытай құрамалары өзара бөлісті.
Жерлестерімізді жеңісімен құттықтаймыз!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: kazsporttv.kz