Ертең "Бавария" мен "Боруссия" бундеслига Суперкубогын сарапқа салады
Ертең жексенбі неміс футболының жанкүйерлері үшін нағыз мереке болғалы тұр. Себебі дәл осы суперматч орын алысымен жаңа футбол маусымы да шымылдығын ашады. Вестфальдіктердің аренасы «Сигнал Идуна Паркте» өтетін матчта немістің қос алыбы Суперкубок үшін осы айдың басты кездесуін өткізбек.
2012/13 жылғы футбол маусымы да негізінен осы клубтардың айқасымен өткен болатын. Екеуінің төрт бірдей турнирде жолдары түйісті. Әзірге барлығында да бавариялықтар жеңіс тойын тойлап келе жатыр. Олардың алғашқысы өткен жылдағы Германия Суперкубогы болды. Ол кезде Марио Манджукич пен Томас Мюллер екі гол соқса, ал дортмундықтар оған тек Роберт Левандовскидің бір голымен жауап берген еді. Ал бундеслигада командалар екі мәрте кездесіп, екеуінде де 1:1 есебімен тең тарқасты. Алайда чемпионаттың қорытындысында «Бавария» жыл жеңімпазы атағына қол жеткізді. Үшінші рет қос клуб Германия Кубогында кездескен болатын. Ол матчта Арьен Роббеннің соққан добы командасын жартылай финалдан ақырғы кездесуге алып келген еді. Кейін олар финалда жеңіске жетіп, Кубокты да иеленді.
«Бавария» мен «Боруссия» арасындағы ақтық кездесу биылғы жылы чемпиондар Лигасының финалы аясында Лондонның «Уэмбли» стадионында өткені белгілі. Манджукич пен Илкай Гюндоган ойынның негізгі уақытында бір-бірден гол соғып, жанкүйерлерге «енді жеңімпаз қосымша уақытта аяқталады» деген сенім ұялатқан еді. Алайда матч аяқталуға бірер минут қалғанда Роббен голымен көзге түсіп, «Баварияға» соңғы үш жылда бұйырмастай болып көрінген чемпиондар Лигасының Кубогын алып берді.
Содан бері арада жаздың екі айы және бір трансферлік кампания өтті. Екі команда да осы аралықта өз жанкүйерлерін ойыншыларды сату және сатып алу сияқты үлкен жаңалықтарымен қуантып үлгерді. Олардың ішіндегі ең айтулы трансфер ретінде сәуір айында орын алған оқиғаны айтсақ болатын шығар. Өткен маусым аяқталмай тұрып-ақ дортмундықтардың көшбасшысы Гетценің Мюнхенге қоныс аударатыны белгілі болды. Оның трансфері де бундеслига үшін рекордты болып саналды (37 миллион еуро). Алайда «Баварияның» жаңа ойыншысы жарақатына байланысты ертең «Сигнал Идуна Парк» стадионында болатын суперматчқа қатыса алмайтыны белгілі болып отыр.
Ал Гетцені қолдан ұшырып алған «Боруссияның» қиын жағдайы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Биылғы маусым аяқталысымен Фелипе Сантана да басқа клубқа ауысты. Оның ЧЛ ширек финалы аясында испандық «Малагаға» қарсы ойынның соңғы минутында жеңісті гол соғып, командасын келесі кезеңге өткізгені де көпшілік жанкүйердің есінде. Сондай-ақ Мориц Лейтнер де трансферлік маусымда «Боруссия» құрамынан кетіп тынды (футболшы «Штутгарт» клубына екі жылға жалға берілді). Дегенмен клуб басшылығы басқа маңызды футболшыларды сақтап қала алды.
Есесіне командасын қайта жасақтаған Юрген Клопп Генрих Мхитарянға қызығушылық танытып, ақыры футболшыға қол жеткізді.
«Шахтер» клубының үздік бомбардирі де украиналық футболды Еуропалыққа ауыстыруға қарсылық білдірген жоқ. Басында оны тек «Боруссия» ғана емес, сонымен бірге «кәрі құрлықтың» алпауыттары ПСЖ, «Ливерпуль» мен «Ювентус» сияқты клубтары өз қатарынан көргісі келді. Алайда трансферлік саудада ойыншы осы «Боруссияға» бұйырды. Одан бөлек командаға «Сент-Этьеннің» экс-шабуылшысы Пьер-Эмерик Обамеянг пен «Вердер» намысын қорғаған орталық қорғаушы Сократис Папастатопулос та келіп қосылды.
Ертеңгі ойында жоғарыда аттары аталған футболшылардың ішінде тек қана осы грек ойыншысының жаңа клубында дебютант атануға мүмкіндігі бар. Себебі қалғандары әзірге емханада көрінеді. Сондай-ақ ол жерде жарақаттарынан айықпаған Якуб Блащиковски мен Лукаш Пищек те жатыр.
Ал «Бавария» құрамында Суперкубок үшін өтетін матчқа итальяндық «Фиорентинаға» ауысқан Марио Гомес пен «Зенитке» қайтып оралған украиндық Анатолий Тимощук қатыса алмайды. Олардан бөлек оң қапталдағы жартылай қорғаушы француз Франк Рибери мен клубтың негізгі қақпашысы Мануэль Нойердің жарақаттарына байланысты командасына көмектесе алмайтыны белгілі болып отыр. Ал шабуыл шебінде мюнхендік клуб биыл тек Гетце ғана емес, сонымен қатар Ян Кирхгофф және Тьяго Алькантара сияқты мергендермен де толықты.
Соңғысы өзінің «Барселона» клубынан «Баварияға» оның бұрынғы әрі жаңа бапкері Хосеп Гвардиоланың кеңесімен келгенін де жасырмады. Бапкерлік қызметтен бір жылдық үзіліс алған және де «Бавария» сапындағы алғашқы ресми матч өткізгелі отырған жаңа жаттықтырушы Хосеп Гвардиола үшін де ертеңгі кездесу ең бірінші кезекте оның жаңа клубтағы мүмкіндігін анықтап беретін болар. Яғни ол үшін футболшылармен бір кезекте бұл матчтың маңызы өте зор болғалы тұр.
Дегенмен маусымаралық үзілісте ол «Бавариямен» тоғыз бірдей жолдастық кездесуге қатысып үлгерді. Нәтижесі де әзірге көңіл толарлықтай. Оның шәкірттері қарсылас командаларына жалпы саны 61 гол соғып, өз қақпасына тек 3 доп жіберіп алды. Гвардиола ұтқан клубтардың ішінде оның бұрынғы командасы «Барселонаның» да болғанын айта кетейік.
Сонымен бірге ертең дортмундықтармен Гвардиола тұңғыш рет ресми матч аясында кездеспек. «Боруссия» мен «Бавария» арасында өткелі отырған 102-матчты әлемнің 195 елі көруге мүмкіндік алып отыр. Сонымен мюнхендіктер өз титулын қорғап қала ала ма, әлде ақыры дортмундықтардың жолы болып, биылғы жылдағы тұңғыш жүлдесіне қол жеткізе ме оны ертеңгі ойын көрсетіп бермек. Ал қос клуб арасындағы басқа да өзгерістер жөнінде біз сіздерге қосымша хабарлайтын боламыз.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: footballhd.ru