Ерлан Смағұлов пауэрлифтингтен әлем чемпионы атанды
Ол жалпы есепте 785 келіні көтеріп, 2 әлем рекордын орнатты. Зілтемірді иығына қойып, тізесін бүгіп көтеруден – 290 келі, шалқадан жатып, екі қолмен сығымдап көтеруден – 185 келі, белін тік ұстап, жерде жатқан зілтемірді тізесін бүгіп отырудан – 310 келі көтерді. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Ерлан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Ол бұған дейін Қазақстан (2015 ж.) және Азия чемпионы (2015 ж.) атанған. Байқоңыр қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәлім алатын Ерланның осындай жетістіктерге қол жеткізуіне үлес қосқан бапкері Роман Ковалевтың еңбегін атап айтсақ, артық болмас. Айта кетейік, әлем чемпионатына 703 спортшы қатысты.