Элизавет ересектер арасындағы ең алғашқы жарысына қатысады
Элизавет Тұрсынбаева ересектер арасындағы алғашқы жарысына ақпан айында қатысады деп күтілген-ді. Бірақ Сеулде өткен «Төрт құрлықтың чемпионатына» қатыса алған жоқ. Нәтижесінде ересектер арасындағы алғашқы жарысын күзде АҚШ-та өтетін «Skate America» Гран-При турнирінен бастайтын болды.
15 жастағы қазақстандық жас талант күзде ересектер арасындағы екі Гран-При турниріне қатысады. Осыған дейін Қазақстанның бірде-бір спортшысы әйелдер арасындағы Гран-При турнирінің жекелей сынында өнер көрсетпеген.
Элизавет Тұрсынбаева АҚШ-тағы Гран-При турнирінде ресейлік Олимпиада чемпионы Юлия Липницкая, Сатоко Мияхаро (Жапония), Су-Юн Пак (Оңт. Корея) және Грейси Голд (АҚШ) қатысады. «Skate America» Гран-При додасы 23-25 қазан аралығында АҚШ-тың Милуоки қаласында өтеді. Бұл жарыста ерлер арасында Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен де бақ сынайды.
«Skate Canada» Гран-При турнирінде Элизавет Тұрсынбаева Елизавета Туктамышева (Ресей), Канако Мураками, Юка Нагаи (екеуі де - Жапония), Эшли Вагнер, Полина Эдмундс (екеуі де – АҚШ) және Кэйтлин Осмонд (Канада) сынды спортшылармен жүлдеге таласады. Бұл дода 30 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді.
Айта кетейік, Элизавет Тұрсынбаеваны 2013 жылдың орта шенінен бері канадалық танымал бапкер Брайан Орсер жаттықтырады. Ол қазақстандық спортшыдан өзге, 2014 жылғы әлем және Олимпиада чемпионы жапон Юдзуру Ханюдың, қазіргі әлем чемпионы испандық Хавьер Фернандестің де бас бапкері қызметін атқарады.