Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Пхенчхандағы қысқы Олимпиадада 15-орыннан көрініп, еркін бағдарлама сайысына жолдама алды. Ал Айза Иманбек соңғы орында қалып, жарысты аяқтады. Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Иманбек алғашқы Олимпиада ойындарына қатысуда. Осыған дейін еліміздің атынан төртжылдықтың басты додасына бірде-бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ару қатыспаған. Қысқа бағдарлама бойынша өткен жарысқа 30 спортшы қатысты. Жарақатына байланысты ұзақ дайындалып үлгермеген Айза жоғары нәтиже көрсете алған жоқ. Дегенмен болашағынан үміт күттіретін қазақ спортшысы үшін Олимпиадаға қатысудың өзі мол тәжірибе. Элизабет Тұрсынбаева 57,95 ұпай иеленіп, көштің қақ ортасынан орын алып тұр. 24 спортшы еркін бағдарлама бойынша жарыс жолына шығуға мүмкіндік алды. Қысқа бағдарлама бойынша Олимпиада туы астында келген Ресей елінің мәнерлеп сырғанаушылары Евгения Медведева мен Алина Загитова кезегімен әлем рекордын жаңартты. Алғашында Евгения 81,61 ұпай иеленсе, кейіннен Алина 82,92 ұпай еншілеп, артынша-ақ әлемдік үздік нәтижені өзгертті. Мәнерлеп сырғанаушылардың еркін жаттығу сайысы 23 ақпан күні өтеді.