Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
Ел үміт артқан Элизабет зор сенімнен шықты. Қысқа бағдарламада 75,96 ұпайға ие болып, үшінші орыннан көрінді. Кіші қола медальға қол жеткізді.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы еркін бағдарламада ең соңғы болып мұз айдынға шықты. Төрттік сальхов жаттығуын сәтті орындап, жанкүйерлердің зор қошеметіне бөленді. Осы жаттығуды әйелдер арасында (ересектер арасында) орындаған алғашқы спортшы атанды. 148,80 ұпайға ие болды. Қос бағдарлама қорытындысы бойынша күміс медальға ие болды.
Әлем чемпионатында қыздар арасында қазақ қыздары жүлделі орыннан көрінбеген. Элизабет алғаш болып осы бір жетістік шыңын бағындырды.
Сайтамада Элизабеттің командаласы, Олимпиада чемпионы Алина Загитова әлем чемпионы атанды. Ол қос бағдарлама бойынша 237,50 ұпайға ие болды. Екі спортшыны да ресейлік танымал бапкер Этери Тутберидзе жаттықтырады. Қола медальды тағы бір ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Евгения Медведева жеңіп алды. Ол 223,80 ұпай жинады.
Айта кетейік, ерлер арасында әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық тұңғыш спортшы – Денис Тен. 2013 жылы Канада жерінде күміс алды. Бұл қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік додадағы алғашқы жүлдесі еді. Шанхайдағы бәсекеде ол испаниялық Хавьер Фернандес пен жапониялық Тацуки Матидадан ғана қалып қойды.
Денис әлі де халықаралық жарыстарда топ жарар ма еді? Алайда 25 жасында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты.