Қазақстандық дзюдошы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Екатеринбургтегі Grand Slam турнирінде топ жарды. 60 кг-ға дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз алғашқы кездесуінде тәжік дзюдошысы Мехрзод Суфиевті жеңді. Одан кейінгі белдесуінде бразилиялық спортшы Эрик Такабатені қапы қалдырып, жартылай финалға шықты. Француз дзюдошысы Валиде Хиярдан айласын асырып, финалға жолдама алды. Финалда отандасымыз ресейлік Ислам Яшуевті иппонмен жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. Ал Рио Олимпиадасының финалында Елдосты жеңіп кеткен Беслан Мудранов қола жүлде алды. Айта кетейік, Grand Slam турнирі 5 кезеңнен тұрады. Осыған дейін Париж бен Дюссельдорфта өтті. Келесі екі кезең Абу-Даби (БАӘ) мен Токиода (Жапония) өтеді.