Елдос Сметов Дюссельдорфтағы Гран-При турнирінде жүлдесіз қалды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ Informburo.kz

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Олимпиаданың күміс жүлдегері Елдос Сметовтен ел үміт күткен еді. Өкінішке орай, отандасымыз бабын байқатпады. Бірінші белдесуінде-ақ жас бразилиялық балуан Пелим Филипке вазари ұпайымен ұтылды. Ал бұл салмақтағы екінші бір спортшымыз Бауыржан Жауынтаев алғашқы айналымда испан балуан Джарижос Францискодан айласын асыра алмады.

Дзюдо федерциясы ресми сайтының хабарлауы бойынша, 66 келіде Азамат Мұқанов денсаулығына байланысты татамиге шықпаған. Осы салмақта белдескен тағы бір отандасымыз Ғұмар Қырғызбаев бірінші айналымда АҚШ спортшысы Миранда Аугустоны ескерту қағазының аздығымен жеңгенімен, екінші айналымда моңғол Довдон Алтансухтан вазари ұпайымен жеңіліп, жарыстан шықты.

52 келіде белдескен бұрымды балуанымыз Айкүнім Түйтекова жарысқа іріктеу кезеңінің екінші айналымында қосылғанымен, бразилиялық Валентим Елеудис арасындағы кездесуде үш шидо алып, жарысты әрі қарай жалғастырмады.

Гран При турнирінің бірінші күнінде қазақстандықтар жүлдесіз қалды. Ертең, яғни 25 ақпан күні ерлерден 73 және 81 келі, әйелдер арасында 63 және 70 келі салмақ дәрежесіндегі дзюдошылар арасында жарыс жалғасады. Бұл салмақтарда ел намысын Жансай Смағұлов (73 кг), Азиз Қалқаманұлы (81 кг), Қажымұқан Өтеулиев (81 кг), Мариан Урдабаева (63 кг), Жанар Қашқын (70 кг) және Ділбәр Өмірәлиева (70 кг) қорғайды.

Естеріңізге сала кетсек, Дюссельдорф қаласындағы Гран При турнирі ақпанның 24-нен 26-сына дейін жалғасады. 50 елден 346 дзюдошы келген бұл турнирге Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 17 спортшы қатысуда.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама