Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана футбол клубын Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығуымен құттықтады. - Сіздердің табыстарыңыз команданың ойынын зор қызығушылықпен әрі үмітпен бақылап жүрген миллиондаған қазақстандықтарға қуаныш сыйлады. Сіздердің жетістіктеріңіз Қазақстанда футболды және спорт саласын одан әрі дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елордамыз Астананың 20 жылдығы қарсаңындағы бұл жеңістің ерекше символдық мәні бар, - делінген жеделхатта. Соңында Қазақстан Президенті команда мүшелерінің бәріне зор денсаулық пен амандық тілеп, алға қойған мақсаттарының орындалуына ниет білдірді. Айта кетейік, түнде Прагада Астана Славияны 1:0 есебімен ұтып, қазақ футболы тарихында алғаш рет еурокубоктың плей-офф кезеңіне шыққан еді. Елордалық команданың қарсыласы 11 желтоқсанда Ньон (Швейцария) қаласында өтетін жеребе тастау рәсімінде анықталады.