Ел спортының іргесі ауыл спортынан бекиді

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Фото ©️ zhasorken.kz

Маман болу - бір төбе. Егер өзінің сүйікті мамандығына сүйіспеншілікпен қарап белсене жұмыс істесе нұр үстіне нұр бола түсері хақ. Біздің айтқалы отырғанымыз, Алматы облысы спортының дамуы мен сүйікті саласына жанашырлықпен қарайтын білікті мамандар туралы болып отыр. Мысалы, грек-рим күресінен Олимпада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына келгелі бері облыс спорты ерекше қарқын алып, өңірлерде спорт мектептері ашылып,  кешенді спорт нысандары салына бастады. Сонымен қатар жастардың спортқа деген құлшынысы (әсіресе ауыл-аймақтарда) айрықша.

Әрине, спорттық инфрақұрылымдардың жаңа заман ағымына сай бой көтеріп, спорт залдар жасөспірімдерге толыға бастауы көңілді қуантпай қоймайды. Өйткені спорт пен дансауылыққа көңіл бөлген қоғамда  жаман әдет пен әрекеттерге орын  болмасы анық. Сондықтан да білікті де білгір, жаста болса бас болып, өңір спортын басқарып отырған Нұрбақыт Теңізбаевтың аймақтағы спортты дамыту мен қатар үлкен спорттағы дарынды жастарға жағдай туғызу мақсатындағы әрбір игілікті қадамы жемісін беріп келеді.

Жетісу жерінің ой-қырында өткен әрбір жоталы жарысты назардан тыс қалдырмайтын білікті маман  жас балуандардың қанатын қомдап биікке ұшуына қолдан келгенше қамқорлығын аямауда. Сонымен қатар Нұрбақыт Теңізбаев талантты жастардың көптеп өсіп келе жатқанына қуана айтады. "Талапты бала – талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай" - демекші талантты балалардың арасынан болашақта Олимпиада асуын бағындыратын балуандар шығатынына облыс спортының басшысы нық сенімді. Әрине, "ұлды ұясында баула" дегендей, дарынды жастарды көре білу, оларды көп алдына шыңдап алып шығу - бапкері үшін үлкен сын. Сондықтан да бапкерлердің де таланттарды тани біліп, талмай жаттықтыру үшін жағдайлары оңды болғаны маңызды. Ал өзі спорттың қара қазанында қайнап, спорт залда шүмектеп тер төгіп арманы мақсатына жете білген Нұрбақыт секілді өңір спортын басқаратын басшы ол жағын жақсы біледі. Бапкерлерге деген қолдау-қамқорлықты ерекше назарға алған. Жасөпірімдерге аламан жарыстарда сескенбей додаға түсу үшін шеберлікпен қоса рух та керек. Ал жиі-жиі өткен жарыстар жаса балуандардың қайратын шыңдап, қорқынышын жояды. Бұл дегеніміз - жастарға дүбірлі өтер жарыстардың ауадай қажет екендігін білдіреді.

Балу өсу үшін, үлкен сайыстарға үзбей апарып бағын сынату керек. Сонда ғана жас балуан төселіп, шыңдала түседі. Міне, сондықтан да Алматы облыстық спорт басқармасы  дүбірлі жекпе-жектерді ұйымдастыруға ұйытқы болып, зор көңіл бөле бастаған. Ал енді Талдықорғанда дзюдо, грек-рим, еркін күрес түрлерінен дүбірлетіп өтіп жатқан жарыстар айтылған сөзіміздің айғақтары десе болады. Енді сол бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінген  алтын жүлделі жасөспірім ұл-қыздар республика  чемпионатында облыстың намысын қорғайтын болады.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама