Ел сенім артқан Маргарита Мукашева да сүрінді
27 жасар қазақстандық жеңіл атлет бұл жарыста 2 минут 2,6 секунд уақыт нәтижесін көрсетіп тек жетінші орынға табан тіреді. Бұл кезеңде 800 метр қашықтықты 1 минут 59,39 секунд үздік уақытымен жүгіріп өткен американдық Бренда Мартинез жеңіске жетті. Айта кетейік, Мукашева биылғы Универсиадада 1 минут және 58,96 секунд уақытымен алтын медальға ие болған еді. Сондай-ақ ол осы нәтижесімен ұлттық рекордты да орнатты.
Қазақстан үміт артқан тағы да бір спортшы қызымыз Марина Аитова да биіктікке секіру сынында әлем чемпионатының медальдарына таласа алмайтын болды. Іріктеу сынында ол тек 1,83 метр биіктікті бағындырып, қорытындысында бар болғаны 12-орыннан көрінді. Алайда бұл оның финалда өнер көрсетуіне жеткіліксіз еді.
Екі қыздан бөлек, осыған дейін онсайыста бақ сынаған Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Дмитрий Карпов та жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартқан еді. Одан бөлек жолы болмаған спортшылардың қатарында Ирина Карпова (жетісайыс), Ирина Эктова (үш қарғып секіру), Никита Филиппов (сырықпен секіру), Константин Сафронов (ұзындыққа секіру), Ольга Блудова, Виктория Зябкиналар (200 метрге жүгіру) бар. Ал Айман Қожахметова (спорттық жүріс, 27-орын), Галина Кичигина (спорттық жүріс, 38-орын), Шолпан Қожахметова (спорттық жүріс, 55-орын), Георгий Шейко (спорттық жүріс, 36-орын), Виталий Аничкин (спорттық жүріс, 45-орын) сияқты атлеттер жарыстың соңына дейін тырысып баққанмен жүлделі орындардан көрінбеді. Жалпы Мәскеу қаласына елімізден 17 спортшы аттанған болатын.
Айта кетейік, бұл күндері Мәскеудің «Лужники» стадионында жеңіл атлетикадан XIV әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс 10-тамыз күні басталған еді және ол 18-тамызға дейін жалғасын табатын болады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: sport.nur.kz