Ел қоржынына велоспорттан Олимпиаданың үш жолдамасы түсті

Айбар Рысдәулет Корреспондент

Олимпиадалық санаттың регламентіне сәйкес жолдамалар мемлекеттердің әлемдік рейтингтегі иеленген орынына байланысты берілді. Рейтингтік ұпайлар жинау 2018 жылдың қазан айының 22-нен бастап 2019 жылғы 22-қазан аралығында өтті. 

Осы уақыт аралығында Қазақстан 3259.35 ұпай жинады. Бұл біздің құрамамызға Әлемдік рейтингте 19-орынға жайғасуға мүмкіндік берді. Естеріңізге сала кетсек, 1-орында Франция, 2-орында Бельгия және Италия командасы үздік үштіктің қатарын толықтырды.

Қазақстан құрамасының осы көрсеткішінің нәтижесінде командаға  үш жолдама берілді. Сонымен, берілген жолдамаларды  UCI ресми түрде растады. Осылайша, 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарында топтық жарыс бойынша үш шабандоз Қазақстан намысын қорғайтын болады. Осы үштік арасынан тағы бір шабандоз жекелей жарысқа қатыса алады.

- Афинада (2004) өткен Олимпиада ойындарынан кейін топтық жарыста Қазақстан атынан алғаш рет үш шабандоз өнер көрсетеді. Айта кетуім керек, осыған дейінгі өткен олимпидаларда Қазақстан құрамасының атынан екі спортшы ғана қатысатын .

Ең алдымен мұның барлығы бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі. "Астана" велокомандасы үлкен үлес қосты. Сонымен қатар құрлықтық "Астана-Сити" және Vino - Astana Motors командаларының қосқан үлесін де атап өтуіміз керек. Қажетті рейтингтік ұпайлар жинау үшін барлығы тер төкті. Олимпиада алдындағы маусымда тек осыған басты назар аударылды және тапсырманы толықтай орындап шықтық деп айтуға болады.

Маңызды қадамдардың бірі Ташкентте өткен Азия чемпионатында жасалды. Онда біздің шабандоздарымыз өздерін тек жақсы қырларынан танытты. Ерлер арасында өткен жарыста спортшыларымыз үш алтын жүлде иемденді.

Сонымен қатар Алексей Луценконың маусымды тамаша өткізгенін атап өткім келеді. Шабандозымыз Қазақстан қоржынына жалпы Азия құрлығының бір де бір мемлекеті жинай алмаған ұпайды тек жалғыз өзі әкелді», - деді Қазақстан Велоспорт Федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Айта кететін бір жәйт, Токиодағы Олимпиадаға  тас жолдағы велоспорттан өтетін сайыста 197 велошабандоз  (ерлер саны 130 және әйелдер 67) бақ сынайтын болады.

 
Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама