Ел клубтары еурододада нәтижелі маусымын өткізуде
Елордалық «Астананың» сырт алаңда «АИК»-ты жеңуінен кейін Қазақстанның УЕФА коэфициенттер рейтингінде ұпайы өсті. Өткен маусымда қарағандылық «Шахтердың» топтық кезеңге өтуімен қоса есептегенде отандық клубтар барлығы 3,125 ұпай жинаған болатын. Ал бұл маусымда 3,375 ұпай жинап үлкен нәтижеге қол жеткізіп отыр. Алда «Астана» мен «Ақтөбенің» Еуропа лигасы аясындағы өткізетін кездесулері нәтижесінде бұл ұпай көрсеткіші әлі де өседі деген сеніміміз бар. Осы маусымда 20 кездесу өткізген қазақстандық клубтар 11-інде жеңіске жетіп, 5-еуін тең аяқтап, 4 ойында жеңіліс тапты. Сонымен қатар, маусымның үздік көрсеткішінде де ұпайлар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр.
2014/2015 жылғы маусымдағы еурокубоктың іріктеу кезеңінде қазақстандық клубтар рейтингін де жоғарылатты. Еуропаның клубтар рейтингінде қазіргі таңда 454 клуб бар. Бұл санаттағы тізімге соңғы 5 жылда еурододаға қатысқан футбол ұжымдары ғана енеді. Ал ел клубтары арасындағы бұл тізімде «Ақтөбе» алда тұр. Олар өткен маусымдағы орнынан 21 саты алға жылжыды. «Кеншілер» ұжымы 36 орын алға озса, «Астана» 97 саты жоғары бір-ақ көтерілді. Сонымен қатар, Станимир Стойлов шәкірттері осыған дейінгі електік кезеңдердегі ең көп гол соққан командалар қатарынан да табылып отыр. Олар қарсылас қақпасын 13 рет дәл көздеп, 6 рет өз қақпаларына доп өткізіп алған.
Ел командаларының клубтық рейтингтегі нәтижелері
«Ақтөбе» — 8,575 ұпай, 175 орын;
«Шахтёр» — 6,825 ұпай, 210 орын;
«Астана» — 3,825 ұпай, 306 орын;
«Тобыл» — 3,325 ұпай, 324 орын;
«Ертіс» — 3,075 ұпай, 341 орын;
«Қайрат» — 2,575 ұпай, 366 орын;
«Ордабасы» — 2,575 ұпай, 366 орын;
«Атырау» — 2,575 ұпай, 366 орын;
«Жетысу» — 2,325 ұпай, 384 орын;
Жылдан-жылға еуродода бәсекелерінде нәтижелерін жоғарылатып келе жатқан командаларымызға көз тимесін дейміз. Еуропа лигасындағы жарыс жолын жалғастыратын «Астана» мен «Ақтөбе» бүгін плей-офф кезеңіндегі қарсыластарын анықтайтын болады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: liter.kz