"Эль-Класико". Кім жеңеді?
Бұл маусымда мадридтік «Реал» тамаша ойын өрнегімен жанкүйерлерін қуантып келеді. Соңғы рет өткен жылдың қазан айында дәл осы каталондық ұжымнан 2:1 есебімен жеңілген болатын. Одан кейін жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ. Қазіргі таңда Ла-Лигада «Атлетикодан» - 3, «Барселонадан» - 4 ұпайға озып келеді. Егер бүгін жеңіске жетіп жатса, чемпиондық атаққа бір табан жақындай түседі деген сөз. Ал мұны Херардо Мартино командасы да түсінеді. Бас бапкер өз кезегінде, «бүгін жеңілетін болсақ, қайта қуып жету қиын болады» деп қысқа қайырды. Сондықтан да Лионель Месси бастаған жігіттер бүгін «Сантьяго Бернабеуге» жеңіс үшін келе жатыр.
Мадридтік команда қатарынан алғашқы кездесуде гол соққан талантты футболшы Хесе бүгінгі кездесуге шыға алмайды. Ол Чемпиондар Лигасының 1/8 финалындағы "Шалькеге" қарсы кездесуде жарақат алған болатын. Сонымен қатар, Сами Хедира мен Альваро Арбелоа да өнер көрсетпейді. Дегенмен «Реалды» бұл футболшыларсыз елестету мүмкін емес деп айту қиын. Аздап жарақаты бар Карим Бензема қатарға қайта қосылып отыр.
Әлем футболының «жұлдыздары» да қазіргі уақытта нағыз бабында. Өз кезегінде бүгін аянып қалмасы анық. Соңғы кездесуде Криштиану Роналду клубына жеңіс голын соғып, 3 ұпай сыйласа, Месси өз алаңында «Осасунаны» 7:0 есебімен жеңген кездесуде хет-трик авторы атанған болатын.
Бүгінгі кездесуде «корольдік клубтың» жеңіске жетуге мүмкіндігі мол саналуда. Өз алаңы болғандықтан жанкүйерлер қолдауымен жеңіс үшін барын салары да анық. Сонымен бүгін түнгі 01:55-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Реал» жеңісіне – 2,25 коэффициент, тең ойынға – 3,69 коэффициент, «Барселона» жеңісіне – 2,99 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 2:1 немесе 1:1 болады деген болжамдар жасалуда.
Бұл кездесу ежелгі қарсыластардың 188-ші «Эль-Класикосы» болмақ. Клуб тарихындағы нәтижелерге көз жүгіртер болсақ, оның 79-да «Реал», 71-і «Барселона» жеңісімен аяқталған екен. Ал қалған 37 кездесуде тең нәтиже тіркелген.
Сонымен қатар, бұл ойын каталондық команда қатарынан Виктор Вальдес, Карлос Пуйоль, Алекс Сонг, Хави және Дани Алвестің соңғы «Эль-Класикосы» болуы мүмкін. Алғашқы екі футболшының клубтан кететіні белгілі болса, Алекс Сонг Тата бапкердің ойын жүйесінде жоқ футболшы. Ал Хави мен Дани Алвестің де жазғы маусымда клуб ауыстырып қалуы ғажап емес. Алғашқысының орнына клуб ойыншы іздестіріп жатса, соңғысымен жылда келісімшартын ұзартумен келеді.
Ал «Реал» қатарынан мұндай тарихи ойын Анхель Ди Мария мен Фавиу Коэнтрау үшін соңғысы болуы ықтимал. Өйткені екі футболшы да мадридтік клубтың қатарынан кететіндердің алғашқылары болып тұр.
Кездесу алдындағы командалар құрамы:
«Реал»: Лопес, Марсело, Пепе, Рамос, Карвахаль, Алонсо, Модрич, Ди Мария, Бейл, Бензема, Роналду.
«Барселона»: В. Вальдес, Ж. Пике, Х.Маскерано, Ж. Альба, Д. Алвес, С. Бускетс, А. Иньеста, Х. Эрнандес(Хави), Л. Месси, Неймар, А. Санчес.
Төреші: Альберто Ундиано Мальенко
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com, sports.ru