Ел футболында не жаңалық?

О Сансызбай Корреспондент


Алматылық команда екінші құрамдағы команданың шабуыл шебіне көмектесетін жартылай қорғаушы Аслан Оразаевпен 3 жылдық келісімшартқа отырды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Аслан осыған дейін негізгі құрамда өнер көрсетіп үлгерген-ді. «Қайраттың» шымкенттік «Ордабасымен» өткізген шешуші кездесулерінің бірінде 72 минутта алаңға шыққан футболшы өзін көрсете білген болатын. Одан кейінгі «Шахтер» мен «Ертіс» кездесулерінде де жартылай қорғаушы бапкер сенімін ақтай білді.

Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін «Қайрат» командасы құрамын жаңартатынын, және қандай футболшылармен толығуы мүмкін деген болжамдарды ұсынған болатынбыз.

«Ертістің» ағысы қалай болмақ?...


Қаржылық қиыншылыққа ұшыраған павлодарлық «Ертістің» жағдайы ауыр халде. Егер футболшыларға белгілі бір мерзімде тиесілі жалақысын өтемесе, келер маусымда премьер-лигада өнер көрсетуі неғайбыл.

Қазақстан футбол федерациясының төрағасы Михаил Гурманның айтуы бойынша, ешқандай команда футболшыларға тиесілі қаржыны өтемей, келесі маусымда премьер-лигада өнер көрсетпейтін көрінеді. Ал "Ертіске" белгілі бір мерзімде өтеу уақыты беріліпті. Егер осы уақыт аралғында төлей алмаса, премьер-лигамен қош айтысуы ғажап емес. Сонымен қатар келер маусымдағы премьер-лига жүйесі де осы қалпымен қала бермек. 

Естеріңізге сала кететін болсақ, керекулік "Ертіс" футболшыларға жалақысын дер кезінде бере алмауының салдарынан қола жүлдеден қағылған болатын. Сондай-ақ, Павел Шабалин «Ақтөбеге» көшіп, Дмитрий Шомко мен Альмир Мухутдинов командадан кеткені де белгілі болды. Ал «Ертіс» басшылығы команда мүшелері мен қызметкерлер алдындағы қарызды жуық арада өтейтінін мәлімдеді.

Пасулько "Ордабасымен" келісімшартын ұзартты


Шымкенттік команданың бас бапкері Виктор Пасулько командамен 1 жылдық жаңа келісімшартқа отырды. Бұл туралы Vesti.kz. сайты хабарлауда.

Осыған дейін мәлім болғандай, украиналық маман "Ордабасымен" келісімшартын ұзартпайтынын айтқан болатын. Оған себеп - команда басшылығының келер маусымдағы үштікке ену талабы еді. Алайда Виктор Пасулько бұл келісімнен бас тартқан-ды. Дегенмен кеше белгілі болғандай бапкер командамен келер маусымда жұмысын жалғастыратын болды.

"Ордабасы" өткен маусымды сәтсіз бастаған-ды. Кейіннен Виктор Пасулько қайта келіп, тұңғиыққа батқан шымкенттік команданы алып шыққан еді. Сонымен қатар оңтүстіктік клуб осы бапкермен өз тарихында жетпеген жетістіктерге жетті. 

Сонымен қатар шымкенттік команданың негізгі құрам ойыншылары Мұхтар Мұхтаров, Андрей Карпович, Коллинс Бабатунде және Мансур Гуйенің командадан кететіні мәлім болған-ды.

«Шахтердан» кімдер кетеді?   

Еурокубоктың топтық кезеңіне қазақ футболының тарихында алғаш болып шыққан қарағандылық «Шахтердың» құрамы келер маусымда едәуір өзгеріске ұшырамақ. «Кеншілер» ұжымын алға сүйреген Геворг Казарян, Роджер Каньяс және Сергей Хижниченко командадан кетпекші.

Осыған дейін Роджер Каньяс Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін деп хабарлаған болатынбыз. Ал оған алматылық «Қайрат» қызығушылық танытқан-ды. Бүгін колумбиялық футболшының еліне қайтуы мүмкін деген ақпар тарап отыр. Ал Сергей украиналық «Карпаты» командасы назарына іліккен болатын. Әзірге 3 футболшының командадан кететіні белгілі болғанымен, қайда спорттық мансабын жалғастыратыны белгісіз.

Ал осыған дейін: «Ақтөбе» командасының бас бапкері Владимир Никитенко клубпен келісімшартын бір маусымға созған еді. Армениялық ойыншылар Эдгар Малакян ( «Виктория» Чехия) және Артак Едигарян («Бананц»),  Артур Юспашян («Пюник») келер маусымда Қазақстан клубтарының бірінде өнер көрсетуі мүмкін. Бұл туралы Армения басылымдарында жарияланған. Дмитрий Огай – премьер-лигаға оралған қызылордалық «Қайсардың» бас бапкері болуға басты үміткерлердің бірі болып отыр. «Тараз» командасынан Андрей Шабаев, Эрсин Мехмедович, Константин Заречный және Сергей Шафф кетті.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vesti.k

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама